"Боямасыз, шынайы өмір": психолог Бишімбаев соты неліктен қоғамда қызығушылық тудырып отырғанын айтты
Жарияланған күні:
Қазақстанда бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы қызу талқылануда. Осы ретте KAZ.NUR.KZ тілшісі танымал психолог Серікгүл Сәлиден сұқбат алып, Бишімбаев сотының қоғамда неліктен қызығушылық тудырғанын сұрады. Маман Бишімбаевтың соттағы сөздері мен әрекетіне психологиялық талдау жасады.
- Бишімбаевтың соты қоғамға қатты әсер етіп жатыр. Автобуста, кафеде, аурухана кезегінде Бишімбаев сотын көріп отырғандарды байқауға болады. Мұның себебі не?
- Бишімбаев соты көп адам үшін өз өмірін сыртынан қарайтын айна сияқты болды. Кейбірі бала кезінде осындай ауыр жайттың куәгері болды. Олардың да бала кездегі жарасына тиіп кетеді, жазылмаған жан жарасының бетін ашып жібереді. Бала кезде өзін, анасын ауыртпалықтан қорғай алмаған адамдар қазір осы оқиғаға әсер етуге тырысады, солай жан жарасын емдейді. Ал енді біреу дәл осы сәтте сол нәрсенің куәгері болып өмір сүріп жатыр. Көбі оқиғаны бастан кешіп жатқанда қандай қорқынышты өмір сүріп жүргенін білмеуі мүмкін. Солардың көзін ашып берді.
Бұл іс Қазақстандағы көп проблеманы су бетіне шығарды. Оның үстіне Бишімбаев үлкен қызметте болған адам. Соның барлығы қоғамға, қоғамдық санаға әсер етіп жатыр. Сонымен қатар сот қатысушыларының: айыптаушы тарап, жәбірленуші тарап, қорғаушылар, судьяның аналитикалық ойлауы, азаматтық ұстанымдары қоғам тарапынан таңғалу, тәнті болу сияқты сезімдерін оятып жатыр. Бір жағынан әділет үшін күрескісі келетін адамдардың қоғам батырына айналуы - сүйсінерлік құбылыс. Гуманистік құндылықтар әр адамның ішінде жүрсе, енді бір-біріне айта бастады. Қоғам бір организм ретінде өз функциясын атқарып жатыр, жәбірленуші тараптың күйінішіне күйіну, сүйінішіне сүйіну арқылы эмоциялық күйді сезініп отыр. Қоғамның бір бөлігі әділеттің салтанат құруын көргісі келіп отырғанымен, керісінше көзқарастағы екінші тарап та бар, олардың кейбірі өзінің патриархалды көзқарасын білдіріп қалып та жатыр.
Осы істі тамашалап отырғандардың арасында тағы бір тарап бар. Олар өмірде мұндай зорлықтың болуы мүмкін екенін білмейтіндер. Өзі тұратын Қазақстанда әйелдердің зорлық-зомбылық көріп жатқанына қарап, "қалайша мұндай нәрсе болуы мүмкін?" деп таңғалып отыр. Жалпы алғанда бұл іс қоғамның сана деңгейін өсіріп жатыр. Мәселен кейбір аналар күйеу балаларының қыздарына зәбір көрсетіп жатқанын көріп жүр. Кейбір енелер балаларының келіндеріне озбырлық жасап отырғанын көріп отыр. Енді олар да ойлана бастайды. Бұлай жасауға болмайды, бұл дұрыс емес деп, жағдайды оң жаққа бұруға ықпал етеді. Бұл соттың ең қызықтыратын тұсы – боямасыз, шынайы өмір, кез келген реалити-шоуды шаң қаптыратын шым-шытырық.
- Сот отырысын көргендер Бишімбаевтан еш реакция, өкініш байқамағанын айтады. Бишімбаевқа қандай психологиялық сипаттама беруге болады?
- Иә, Бишімбаевта эмоция жоқ. Оның эмоцияға берілмеу себебі – ол осы істі өз пайдама қалай шешем деп ойланып, соған сай әрекет етіп отыр. Көзі ашық, білімді адам. Ол қазір эмоцияға берілсе, жағдай бақылаудан шығып кетеді. Оның аналитикалық қабілеті өте мықты.
Ал "шынайы маxаббат болған ба" дегенге келетін болсақ, екеуінің арасында бастапқы кезеңде шынайы маxаббат болды деп ойлаймын. Видеоларды көріп жатырмыз, Салтанаттың желідегі парақшасы жарияланды. Ертегідей алып ұшқан сезім байқалады. Сондықтан басында екеуі де сезімге бөленген. Сосын махабббат пен қызғаныш, агрессия араласып, әбден шатасып кеткен деуге болады. Салтанаттың кете алмауына сол тәтті естелігін қимауы да әсер еткен болуы мүмкін. Бақытты күндері болды ғой. Солай бақытты болып кетерміз деп ойлаған болуы мүмкін. Бишімбаевтан псиxологиялық ауытқуы бар адамды көріп тұрған жоқпын. Біз әр қадамын ойластырып жасайтын адамды көріп отырмыз. Ойын, сөзін дәлелді жеткізе алады.
- Әңгімеңізге рахмет!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2092892-boiamasyz-shynaiy-omir-psiholog-bishimbaev-soty-nelikten-qogamda-qyzygushylyq-tudyryp-otyrganyn-aitty/