Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккендерден өтініш қабылдау аяқталды
Жарияланған күні:
Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккендерден өтініш қабылдау мерзімі аяқталды. Шығынын даулағандар отыз күн ішінде арыздануы тиіс болған, деп хабарлайды КТК арнасы.
Телеарна ақпаратынша, қаланың екі ауданындағы әкімдіктер де өтініш қабылдаған. Астана ауданында су кірген үй саны елуге жуық. Ал Алматы ауданында өтініш саны 3,5 мыңнан асқан. Арнайы комиссия бұл аудандағы 35 баспананы тұруға жарамсыз деп таныды.
Алдағы уақытта апатты үй саны тағы да артуы мүмкін дейді шенеуніктер. Себебі бағалаушылар мен техникалық бақылаушылар бәрін әлі зерттеп болған жоқ. Заң бойынша тасқыннан кейін отыз күн ішінде өтініш түсуі қажет. Одан кейін комиссия хаттама толтырып, шығынды бағалайтын мамандар қарайды.
"Астана ауданы бойынша 39 тұрғын үйге өтемақы төленді. Алматы ауданы бойынша 101 үйге төленді. Алматы ауданы бойынша 35 үй деген ақпарат бар. Жарамсыз. Ол ақпарат өзгеруі мүмкін. Себебі қазір техникалық қызметкерлер жұмыс істеп жатыр. Жұмыс аяқталған жоқ", - деді Ақтөбе азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекзат Тұрғалиев.
Дереккөз: КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2093366-aqtobede-tasqynnan-zardap-shekkenderden-otinish-qabyldau-aiaqtaldy/