Жайық өзеніндегі су деңгейі қандай: ТЖМ өкілдері жауап берді
Жарияланған күні:
Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Атырау облысы Жайық өзеніндегі су деңгейіне сағат сайын мониторинг жүргізілетінін айтты. 41 елді мекен бойында қорғаныс құрылыстары салынған. Су тасқыны салдарын жою жұмыстары жалғасып отыр, деп хабарлайды ТЖМ ресми сайтында.
Атырау облысындағы 41 елді мекен бойында қорғаныс құрылыстары салынды. Су тасқыны кезінде өңірде 500-ден астам шақырым қорғаныс құрылыстары салынған. Бүгінде облыста ТЖМ әскери бөлімдерінің әскери қызметшілерін қоса алғанда, 10 өңірден келген құтқарушылар тобы бар.
"ТЖМ қызметкерлері Жайық өзеніндегі су деңгейіне сағат сайын мониторинг жүргізеді. Су басқан аймақтардан су сору жұмыстары тәулік бойы жалғасуда. Құлсары қаласында 2 564 тұрғын үйден су бұрылды.
Азаматтық қорғау қызметтері, еріктілер және тартылған ұйымдар Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шараларды, су тасқыны салдарын жою әрі халыққа көмек көрсету бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр", - делінген хабарламада.
Қазақстан бойынша 7 089 жеке тұрғын үй мен 2 834 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды, 39 352 адам өз үйлеріне оралды. 6 552 адам эвакуациялау пункттерінде.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, су тасқыны басталғаннан бері 13,1 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 7,6 млн астам қапшық пен 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді.
Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 17 мыңнан астам адам, 2 мыңға жуық техника, 291 су сору құралы және 203 жүзу құралы, 7 әуе кемесі жұмылдырылды.
Сондай-ақ елімізде өрт қаупі кезеңінің басталуда. Сол себепті ТЖМ өкілдері азаматтарды табиғатқа шыққанда өрт қауіпсіздігі бойынша ережелерді сақтауға шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2093729-zhaiyq-ozenindegi-su-denggeii-qandai-tzhm-okilderi-zhauap-berdi/