"Су тасқынына қардың уақытылы шығарылмауы әсер етті": сенатор Төтенше жағдайлар министрлігін сынға алды
Жарияланған күні:
Сенат депутаты Андрей Лукин су тасуына қардың уақытылы шығарылмауы, айналма арналар мен бөгеттердің жеткілікті салынбауы, гидротехникалық құрылыстар жағдайының әлсіздігі әсер еткенін айтты. Ол жаңбыр кәрізі мен арық желісінің болмауын сынға алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Депутат құрылыстардың гидрология мен судан қорғауды есептемей салынуы, су өткізу құрылыстарының тазаланбауы мәселелерін көтерді.
"Су тасуына негізгі факторлар ықпал етті. Қардың уақытылы шығарылмауы, айналма арналар мен бөгеттердің жеткілікті салынбауы, гидротехникалық құрылыстар жағдайының әлсіздігі, олардың гидрология мен судан қорғауды есептемей салынуы, су өткізу құрылыстарының тазаланбауы, жаңбыр кәрізі мен арық желісінің болмауы жатады", - деді ол.
Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша бірқатар ұсыныс айтты.
"Өрт және өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтық қорғаныс шараларын ұйымдастыру мен жүргізу, дағдарыс жағдайларын басқару сияқты қызметтің негізгі бағыттары бойынша төтенше жағдай қызметінде ақпараттық-коммуникациялық технологияны тиімді пайдалану қажет болып отыр", - деді депутат.
Андрей Лукин үкіметке Төтенше жағдайлар министрлігінің байланыс жүйесін дамыту мен жұмыс істеудің бірыңғай техникалық саясатының негізгі бағыттарын әзірлеуді ұсынды.
Сенатор сондай-ақ қазіргі заманғы ақпараттық инфрақұрылымды қалыптастырудың маңызын және соның негізінде төтенше жағдай туындаған кезде алдын алу, болжау, күштер мен құралдарды басқару жөніндегі жұмыстарды жүргізу қажеттігін атап өтті.
"Қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар министрлігіндегі ақпараттық инфрақұрылымның жай-күйі өзекті мәселелерді шешу жөнінде түбегейлі шаралар қабылдауды талап етеді. Біріншіден, бұл министрлік қызметінде прогрессивті және қажетті технологияның болмауы. Екіншіден, байланыс құралдары, өтініштерді тіркеу құралдары, сондай-ақ күштер мен құралдарды басқару саласында бірыңғай саясаттың болмауы.
Осыған байланысты мәселелерді шешу үшін байланыс жүйелерін, ақпараттық жүйелерді бірыңғайлау, сондай-ақ қаржыландыруды талап ететін біркелкі ақпараттық платформаны енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады", - деді сенатор.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2094656-su-tasqynyna-qardyng-uaqytyly-shygarylmauy-aser-etti-senator-totenshe-zhagdailar-ministrligin-synga-aldy/