"Бұл жерде көп адамның үлесі бар": Тахир Халимназаров Бишімбаев ісіндегі медициналық сараптама қалай жасалғанын айтты
Жарияланған күні:
Алматылық сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров Бишімбаев сотында сөйлеген сөзінен кейін әлеуметтік желіде танымал тұлғаға айналды. KAZ.NUR.KZ тілшісі маманмен сұқбаттасып, оның отыз жылдан астам тәжірибесі, сотта айтылған медициналық сараптама туралы әңгіме өрбітті.
Тахир мырза, жақында ғана Instagram желісінен парақша ашып, 133 мың оқырман жинап үлгердіңіз. Бір фотоңызға 400 мың желі қолданушысы лайк қойып, 40 мыңға жуық тілек жазған екен. Осы сот ісінде алқабилер алдында сараптаманы түсіндіріп бергеніңізден кейін желі қолданушылары парақшаңызда ыстық ықыласын білдіріп, іске қатысты пікірін жазып жатыр. Қазір осы сот ісін көріп, бақылап жүрсіз бе?
Жылы сөздер мен ізгі тілектерді оқығанда, таңырқап қалдым. Күн сайын осыған ұқсас сараптаманы жасап жүрмін. Бірақ осы іс қоғамда көп талқыланып, резонанс тудырды. Содан кейін де осындай қолдау мен назар болып жатыр деп ойлаймын. Өздерінің басындағы жағдайларын айтып, сараптама жасауымды сұрап жатқандар да бар. Туыстарым, жақындарым, достарым да хабарласып, жылы лебізін білдіріп жатыр. Ал енді сот ісіне келетін болсақ, бос уақытым болған кезде көруге тырысамын. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық – елімізде өте өзекті мәселе. Ашығын айту керек, әйелін ұрып-соғу, өлтіру, ауыр жарақаттау жиі кездеседі. Әсіресе соңғы жылдары жағдай ушығып кетті. Осы сот ісіне қоғамның жанашырлық танытып, бір адамдай үн қосып жатқаны осы салада 33 жыл еңбек етіп келе жатқан, осы проблемамен бетпе-бет келіп жүрген адам ретінде мені қуантты. Бұл қоғамның өскенін көрсетіп берді. Әсіресе әйелдер Салтанаттың басынан өткен жағдайды жан-тәнімен сезінді, өз басынан өтіп жатқан сияқты жаны ауырды. Осы оқиға арқылы кез келген адам ақшасына, атағына, билігі мен ықпалына қарамастан, қолымен істеген істі мойнымен көтеретінін көріп жатыр. Заң бәрінен үстем деген қоғамдық пікір қалыптасуда. Ең маңыздысы – осы.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жиі кездесетін жағдай, жылдан-жылға ушығып бара жатыр деп қалдыңыз. Бұған не себеп деп ойлайсыз?
Өз тәжірбиеме сүйенсем, мұндай қылмысты ер адамдар мас күйінде жасайды. Асқан жауыздық пен аяусыз ұрып-соғу – сау адамның тірлігі емес. Қылмыс жасалғаннан кейін әйелімді қызғанып өлтірдім деп сылтауратады. Біз есірткіні қауіпті зат деп қараймыз, ал ішімдікті дүкендерден күн сайын сатып алып жатыр.
Үкімді күтіп жүрген қазақстандықтардың қарасы көп. Жоғарғы соттың тікелей қосылымын бір сәтте 300 мың көрермен қараған. Сіз де үкімді күтіп жүрсіз бе?
Шешімді сот шығарады. Қаншама жыл сот ісіне қатысып жүрген сарапшы ретінде айтарым бұл күрделі іс емес. Мен заңгер емеспін, медицина маманымын, десек те дәлелдер жеткілікті.
Сот-медициналық сараптамасына келейікші. Қанша уақыт жасадыңыздар? Оған кімдер қатысты?
Сараптама жасауға он күндей уақыт кетті, көп уақыт алып, ұзаққа созылып кетпеуі үшін күн демей, түн демей жұмыс істедік. Жас гистолог маманмен бірге зерттеу жүргіздік. Астаналық эксперттер де бел жазбады. Ішінде ең тәжірбиелісі мен болғандықтан, сотта қорытындыны мен түсіндіріп бердім. Бұл жерде көп адамның үлесі бар. Отыз жылдық тәжірбиемде алқабилердің алдына алғаш рет шықтым. Сондықтан қалай дәлелді жеткізуге болады деп ойландым. Алғашында қағазға сызып көрсетемін бе деген де ой болды. Кейін манекен ұтымды тәсіл деп шештік.
Сіздің сараптамаңызға қатысты айыпталушы тарап теріс пікір білдіріп, сізді жазғырды. Мұны қалай қабылдадыңыз? Оларға берер жауыбыңыз бар ма?
Сотта екі тарап болады: жәбірленуші және айыпталушы. Сот-медициналық сараптамасы осы екі тараптың да мүддесін көздемейді. Шындық – біреу. Біз сол шындықты ұсындық. Әр тарап өзінің қалағанындай нәтиже күтеді. Бір тараптың көңілінен шықпай қалуы ол – факт. Біз дәлелдер мен факттілерге, ғылыми негізге сүйеніп шешім шығарамыз. Жасаған сараптамамызды жауапты прокурор қарап, заңды деп таныды. Біз қандай ауыр соққы алғанын, қай соққы өлімге апаруы мүмкін екенін айтамыз, соққыны неден алғанын медициналық жарақаттың сипаттамасына байланысты қорытынды жасаймыз. Ондағы әрбір сөз факті мен дәлелге негізделеді. Сараптамашы жалған қорытынды жасаса, қылмыстық жауапкершілік бар. Сотта тек шындықты, шындықтан басқа ештеңе айтпауға ант береміз. Сот-медициналық сараптама – сот шешіміне әсер ететін маңызды дәлел, сондықтан сотталушы тараптың күткеніндей болмағаны үшін "сатып алған" деп айтуы жиі болып тұратын жағдай. Мен оған салқынқанды қараймын.
Сотталушы тараптың қорғаушылары ресейлік сараптамашыны іске тартпақ болды. Бірақ сот оның жасаған қорытындысын заңсыз деп танып, назарға алмады. Практикада мұндай жағдай кездесе ме? Сотталушы тараптың сараптама жасатуы заңды әрекет пе?
Сотқа дейінгі тергеу кезінде құқық қорғау органдары сот-медициналық сараптамашыны тартады. Ол тәуелсіз немесе мемлекеттік сараптамашы болуы мүмкін. Бірақ ең бастысы Әділет министрлігінен сараптамашы ретінде тіркелген лицензиясы болуы керек. Ол мәйітті зерттеп, жарақаттарын анықтап, медициналық тұрғыдан негіздеме жасап, өзінің қорытындысын береді. Екі тараптың қорғаушыларының өз сараптамашысын тартуға құқығы бар, бірақ тек маман ретінде ғана. Оларға мәйітті бермейді. Олар біздің жасаған сот-медициналық сараптамамызды оқып, соның негізінде қорытынды жасайды. Бұл жерде шетелдік мамандар тартылған. Маңызды жайт – жалған сараптама жасалған жағдайда қылмыстық жауапкершілік көзделген, сондықтан Қазақстан азаматы болмағандықтан, судья оның қорытындысын ескерусіз қалдырды, заңсыз деп таныды. Мен оның сараптамасын оқып шықтым. Бірақ оған баға беруім кәсіби этика тұрғысынан дұрыс болмайды деп ойлаймын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2094995-bul-zherde-kop-adamnyng-ulesi-bar-tahir-halimnazarov-bishimbaev-isindegi-meditsinalyq-saraptama-qalai-zhasalganyn-aitty/