Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өлтіргісі келсе, киллер жалдар еді": Бишімбаевтың қорғаушысы жарыссөзде не айтты

Жарияланған күні:

Ерлан Ғазымжанов
Ерлан Ғазымжанов. Видеодан кадр: YouTube/Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты

Қуандық Бишімбаевтың қорғаушысы Ерлан Ғазымжанов жарыссөз кезінде сотталушыға тағылған айыпты жоққа шығаруға тырысты. Ол "Бишімбаев әйелін өлтіргісі келсе, оны қала сыртында өлтіріп, жерге көміп тастауына немесе клиллер жалдауына болар еді" деді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Айыпталушының соққы алдындағы іс-әрекеті, соққы жасап жатқандағы іс-әрекеті мен соққыдан кейінгі іс-әрекеті оның өлтіруге ниеті болмағанының маңызды дәлелі болып отыр. Сіздер оның бәрін білесіздер, оның қандай күйде болғанын көрдіңіздер. Нүкенованы соққыға жықпай тұрғандағы іс-әрекетін зерттеп көрейік. Бишімбаев адам өлтіруді жоспарласа, оны өз қолымен жасар ма еді? Бұндай қылмысты кәсіби адамды жалдап, Бишімбаевтың қатысы жоқ секілді етіп іске асырған анағұрлым қауіпсіз. Алайда іс бойынша Бишімбаевтың киллер жалдауға тырыспағаны белгілі. Бишімбаев бұл қылмысты өз қолымен жасауды ұйғарды делік. Ойлап көрейікші, киллер арқылы емес, өзі қалады делік", - деді Ғазымжанов.

Адвокатың сөзінше, бұндай жағдайда Бишімбаев алдын ала бәрін жоспарлап, Нүкенованы қауіпсіз жерге апарар еді. Қорғаушы ол жерде сотталушы іс-әрекетін еш кедергісіз жүзеге асыра алатынын айтты.

"Жәбірленуші тараптың "Бишімбаев Нүкенованы Дима Биланның концерті кезінде өлтіруді жоспарлап қойды" деген сөздері мүлдем ақылға қонымсыз. Олар айыпталушының "Пальтоны тастап кет, ол саған енді керек емес" деген сөздері соған дәлел екенін айтып отыр. Алқа билердің біреуі осыған сене ме? Онда ол не үшін уақытты созады? Не үшін Салтанатпен таңға дейін қарым-қатынасын талқылайды? Оның өкпе-назын тыңдап, бір нәрсені дәлелдейді. Не үшін оның бәрі? Оны қала сыртына апарып, өлтіріп, артынан көме салған оңайырақ емес пе?", - деді адвокат.

Ғазымжанов Бишімбаев Нүкенованы өлтіргенін нақты білсе, "көріпкелге хабарласып, оның жағдайын білуге тырыспас еді" деді.

"Байжановқа дәрі алып кел деп айтпас еді. Байжановқа жедел жәрдем шақыртуға жол бермес еді. Оны оятуға тырысып, айқайлап жыламас еді. Өзіне қол жұмсауға тырыспас еді. Оған қоса оның алдында видео түсіріп, өсиетін айтпас еді. Ең бастысы ол полицейлерді күтпес еді. Егер ол Нүкенованы өлтірсе бірінші кезекте оның денесін жасырып, қылмыс орнынан кетуге талпынар еді. Оның қаржылық мүмкіндігі бар. Қазақстаннан да кетіп қалар ма еді?", - деп қоса кетті адвокат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2095286-oltirgisi-kelse-killer-zhaldar-edi-bishimbaevtyng-qorgaushysy-zharyssozde-ne-aitty/