Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қауіп-қатерге дайын болып келдім": семейлік ефрейтор Голан жотасында бітімгерлік миссиясын қалай атқарып жүр

Жарияланған күні:

Сәния Теленчиева
Сәния Теленчиева. Фото: жеке мұрағатынан

Наурызда Голан жоталарына аттанған қазақстандық бітімгерлердің қатарында 29 жастағы семейлік ефрейтор Сәния Теленчинова да бар. Екі баланың анасы, аяулы жар, бір әулеттің келіні елден жырақ жерде өзіне қойылған міндетін қалай атқарып жүргені туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат берді.

Ефрейтор БҰҰ миссиясының жауапкершілік аймағында санитар-атқыш болып қызмет етеді.

Сәния Теленчинованың негізгі мамандығы – мейірбике. Ол Голан жоталарындағы Қазақстан бітімгершілік контингентінің құрамына ілінбес бұрын Семейдегі 44793 әскери бөлімінде аға радиотелеграфшы болып қызмет етіп жүрген. Әскери қызметші миссияға өз қалауымен аттанған. Сәния Теленчинова бітімгерлердің қандай міндеттерді орындап жүргенін айтып берді.

"Біздің бітімгерлерге бес бақылау пункті берілді. Голан жоталарындағы қазақстандық бітімгерлердің алдына қойылған міндеті - әрқашан дайындықта болу. Біз бекеттерді тазарту, жарақат алғандарды эвакуациялау, бекеттерді күшейту сияқты тапсырмаларды орындаймыз. Патрульге шығамыз, атыс кезінде алғашқы көмек береміз, госпитальға жібереміз. Мен әрдайым патрульге шыққанда өз бөлімшеммен жүремін", - дейді Сәния Теленчинова.

Сәния Теленчиева
Сәния Теленчиева. Фото: жеке мұрағатынан

Ефрейтор бітімгерлік миссия құрамына алынғанына қуанышты. Кез келген қауіп-қатерге дайын.

"Қорықпаймын, осында қауіп-қатер арасында жүруге дайын болып келдім. Мен санитармын, мықты болуым керек", - дейді ол.

Айтуынша, жалпы Қазақстанда миссияға дайындыққа 400-ге жуық әскери келген, солардың ішінен кіл мықтылары іріктеп алынған.

Сәния Теленчиева
Сәния Теленчиева. Фото: жеке мұрағатынан

"Іріктеуде ептілік, әскери білім, өз мамандығыңды 100 пайыз білуің, дене шынықтырудан жақсы көрсеткіштер, кризис жағдайларда абдырап қалмау сияқты жағдайлар назарға алынды. Қазақстан бітімгершілік операциялар орталығындағы бітімгерлік операция нұсқаушыларынан көп нәрсе үйрендік. Ату, медициналық жаттығу, дене шынықтыру, бақылау пункттерінде адамдарды тексеру, базада өз қызметін атқару сияқты қабілетімізді шыңдадық. Нұсқаушылар қай жағдайда не істеу керегін түгел үйретті", - дейді Сәния Теленчинова.

Голан жотасында қызметте жүрген қазақстандық бітімгерлер қатарында жеті әскери әйел қызметші бар. Сәния Теленчинова әйел адам ретінде бастапқыда қиын болғанын жасырмайды. Себебі Қазақстанда Сәнияны отбасы – жары мен балалары күтіп жүр.

"Әйел адам болғандықтан басында қиын болған, қазір үйреніп кеттім, ол менің жұмысым деп қабылдаймын. Отбасыммен күнде видеоқоңырау арқылы сөйлесеміз, мен оларды сағынғанда немесе олар мені сағынса кез келген уақытта хабарласып отырамыз. Жақындарым менің таңдауыма түсіністікпен қарады, олар менің жұмысымның қыр-сырын біледі", - дейді ол.

Сәния Теленчинованың айтуынша, қазақстандық бітімгерлік контингенттің әскери қызметшілеріне Голан жоталарындағы БҰҰ миссиясының жауапкершілік аймағында барлық жағдай жасалған.

Қазақстандық бітімгерлер
Қазақстандық бітімгерлер орналасқан база. Фото: Қорғаныс министрлігі

"Қазақстан контингентіне қатысты барлығы жақсы пікірде, материалдық жағдай жасалған, уақытымен тамақтандырады. Жеті әскери әйел қызметшіге екі бөлме берілді, ауырып қалған жағдайда база ішінде госпиталь бар", - дейді ол.

Сәния Теленчинова аман-есен елге оралған соң, бітімгершілік миссияға қайта шақырса тағы баруға ниетті.

Себебі, оның айтуынша, ол жақта әскери қызметші ретінде алатын тәжірибе көп. Қаржылай көмек те көңілінен шығады.

Қазақстандық бітімгерлер ротасы Голан жоталарына келді
Қазақстандық бітімгерлер. Фото: Қорғаныс министрлігі

Еске сала кетейік, 16 наурызда Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері Сирия астанасы Дамаскіге ұшып барып, Фауар бітімгерлік базасына дейін көлікпен жетті.

Қазақстандық жасақтың құрамында 139 әскери қызметші бар.  Бұл миссияның ерекшелігі – өз қызметімізді жеке атқаруда болып отыр. Бұрын біздің бітімгерлік контингент басқа елдердің бөлімшелерінің құрамында қызмет еткен болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2095490-qauip-qaterge-daiyn-bolyp-keldim-semeilik-efreitor-golan-zhotasynda-bitimgerlik-missiiasyn-qalai-atqaryp-zhur/