Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қай жерден қате жібердім деп ойланам": сотта Бишімбаевтың анасы сөз алды

Опубликовано:

Альмира Бишімбаева, Қуандық Бишімбаев
Альмира Бишімбаева, Қуандық Бишімбаев. Фото: t.me/Jogargy_sot

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша өтіп жатқан сотта сотталушы Қуандық Бишімбаевтың анасы жарыссөзге шықты – ол сот процесіне ұлының қорғаушысы ретінде қатысып жатыр. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Мен өз құқығымды қолданып өз сөзімді айтып, осы процеске өз көзқарасымды білдіргім келді. Болған жайт үшін кешірім сұраймыз: туыстарынан, анасынан, әкесінен, әпкелерімнен, бөлелерінен бәрінен.

Алла Тағала біздің отбасымыз бен Салтанаттың отбасына үлкен сынақ берді – Салтанат қаза тапты, бұл ата-анасы, біз үшін, Қуандық үшін орны толмас қайғы. Күн сайын Салтанат үшін дұға жасаймыз, ана ретінде ұлым үшін дұға етемін", - деді Альмира Нұрлыбекова.

Анасы Бишімбаев үшін қоғамның барлық дертін ұлына жаппауды, "әділдік пен рақымшылық» сұрады. Оол ұлы қателік жасағанын, бірақ "жұрт оған судья болмауы керек" екенін айтты.

Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова ана ретінде қырсық шалғанын айтты.

"Мен балам үшін әділдік пен рақымшылық сұраймын. Ана ретінде мені қырсық шалды – ата-ана ретінде жеңіліске ұшырадым. Өмірімнің соңына дейін қай жерден қате жібердім деп ойланып өтетін боламын", - деді ол.

Бұған қоса жұрт отбасын қорлағанын айтты.

"Соңғы жарты жылда қоғамда біздің баламыз бен отбасымыз құбыжық, жауыз, Қуандықты бетімен кетірген деген пікір қалыптасты. Бірақ бұлай емес. Осы уақыт аралығында бізді қорлады, тілдеді. Қуандық бірінші әйелін суицидке итермеледі, баланы көлікпен қағып кетті, анасы Алматыға ұшып барып, ұлын ойынханадан алып кеткен деген түрлі айыптар тағылды", - деді Бишімбаевтың анасы.

Альмира Нұрлыбекова "кез келген ана секілді ұлын соңына дейін қорғайтынын" айтты.

Сондай-ақ ол білімі бойынша химик екенін және іс бойынша сараптаманың кейбір қорытындысымен келіспейтінін айтты. Оның ойынша, ұлы Салтанатты қасақана өлтірмеген.

"Ұлымды және оның әрекетін ақтап отырған жоқпын, бірақ оның өлтіруге еш уәжі болмаған деп есептеймін, әйелге қол көтеруге, тіпті шапалақпен тартып қалуға да болмайды деп санаймын. Қол көтергені, шыдамсыздық танытқаны, жеңілтектіктен өз-өзіне ие бола алмай қалғаны үшін жауапкершілікке тартылсын.

Бірақ ол қасақана өлтірмеген және сол үшін жазаланбауы керек. Қуандық абайсызда кісі өлтіргені үшін жазаға лайық, бірақ ол Салтанатты жақсы көретін және қызғаныш пен үмітсіздік үстінде оны өлтіретіндей арам ойы болмаған. Оны ішімдік, ашу және жүйкесінің тозуы осы трагедияға әкеп соқтырды", - деді сотта Бишімбаевтың анасы.

Айта кетейік, бүгін Астанада азаматтық әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша жарыссөз жалғасуда. Сот отырысының онлайн-трансляциясын Жоғарғы соттың YouTube-тегі арнасынан көруге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2095499-qai-zherden-qate-zhiberdim-dep-oilanam-sotta-bishimbaevtyng-anasy-soz-aldy/