Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Екі минут тұншықтырған": Ақтөбеде бұрынғы әйелінің өліміне күдікті ер адамға қатысты істің мән-жайы айтылды

Опубликовано:

сот отырысы
Сот отырысы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде бұрынғы әйелін өлтірді деп айыпталған 27 жастағы ер адамға қатысты іс бойынша басты сот талқылауы болды. Жантүршігерлік оқиға 31 қаңтарда Темір ауданы Саркөл ауылында болған. Бүгін, 6 мамырда прокурор айыптау актісін оқыды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында адам өліміне қатысты оқиғаның қалай болғаны баяндалды.

Айыптау актісінде ер адамның бұрынғы әйелін тынысы тоқтағанға дейін екі минут бойы тұншықтырғаны айтылды.

"Н.Х. бұрын өзімен заңды некеде болған Темір ауданы Саркөл ауылдық округі Шұбарши елді мекенінің тұрғыны 1997 жылғы Айбану Сағымбаевамен кездесу үшін таксимен жолға шыққан. Шұбарши елді мекеніне жеткен соң дүкеннен өзіне энергетикалық сусын, салқын шай сатып алады. Кейін такси жүргізушісіне дүкен жанында күте тұруын айтады. Өзі жаяу Айбану тұратын үйге барады. Ол 1 ақпан сағат 00:40 шамасында Айбану Сағымбаева тұратын үйдің терезесінен қағып, тұрғын үйге емін-еркін кірген. Кіреберіс бөлмесінде Н.Х. бұрынғы жұбайы Сағымбаевамен қайтадан қосылғысы келіп, екеуі өзара жанұялық мәселесін шешу бойынша сөйлесіп тұрған сәтінде әңгіме келіспеушілікке айналған. Сол уақытта Сағымбаева Х.-ның қайта қосылу туралы ұсынысынан бас тартып, үйдің кіреберіс бөлмесінде газ плитасына шай қойып жатқан кезде Х. Сағымбаеваға ызаланып, сол болмашы сөзін аса ауыр қылмыс жасауға себеп қылып, ашуға салынып, адам өлтіру, яғни, басқа адамға құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату мақсатында теріс қарап тұрған Сағымбаеваның артынан жақындап келіп, оң қолымен мойынын құшақтап қысып, қасақана қазаға ұшырату арқылы қылмыстық ойын аяғына дейін жеткізу мақсатында тыныс алуы тоқтағанға дейін екі минут аралығында оң қолымен қысып тұншықтырған. Сот-медицина сараптамасының қорытындысына сәйкес қайтыс болуы себебі механикалық асфексия деп танылды", - деді прокурор Гүлзира Кошербаева.

Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігінде көзделген аса ауыр санаттағы қылмыстық құқықбұзушылық жасады деп айыпталған сотталушы 1 ақпаннан бері қамауда отыр. Сот отырысында ол өзін суретке түсіруге қарсы болды.

Ал жәбірленуші тарап оның әділ жазаға кесілуін талап етті.

"Сіңлім Айбану Сағымбаеваның нағашы әпкесі боламын. Оның денесін бірінші көрген мен. Таңертең 6 жастағы қызы "анам оянбай жатыр" деп хабарласты. Балалар бақырып жылап жүр екен. Сіңлімнің денесінде ештеңе болған жоқ. Тек мойнында із бар. Біз жүрегі ауырып қайтыс болды деп ойладық басында. Өзі әппақ еді. Полиция такси жүргізушісі арқылы қылмысты ашты. Қылмыс қасақана жасалды. Қылмыс жасап Ақтөбеге кетіп қалған. Үйде 6 жастағы қызы, 4 жастағы қызы және 3 жасар ұлы болған. Ол өз балаларын жетім қалдырды. Оны әке құқынан айыруды сұраймыз. Өмір бойына бас бостандығынан айырылсын. Балалар қазір менің қасымда. Балалар күнде жылайды. Балалар көрген. Қорыққан", - деді жәбірленушінің туысы Эльвира Сағымбаева.

Айтуынша, марқұм мен сотталушы ерлі-зайыпты ретінде үш жыл бірге тұрды. Ажырасқандарына екі жылдан аса уақыт өткен. Марқұмның туыстары сотталушыны бөлек тұрған екі жарым жыл ішінде балаларға көмектеспеді, алимент төлемеді дейді. Айбану осыған дейін атаулы әлеуметтік көмекпен үш баласын асыраған.

Жәбірленуші тарап сотқа 25 млн теңге өндіріп алу туралы талап арыз түсірді.

Еске сала кетейік, Ақтөбе облысы Саркөл ауылында тұратын үш баланың анасы өз үйінде қаза тапқанын хабарлағанбыз. Марқұмның туыстары әйелді бұрынғы күйеуі тұншықтырып өлтіргенін айтқан. Облыстық полиция департаменті өкілдері бұл жайт бойынша іс "Адам өлтіру” бабымен тергелгенін, іс сотқа жолданғанын мәлім еткен болатын.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2096876-eki-minut-tunshyqtyrgan-aqtobede-buryngy-aielining-olimine-kudikti-er-adamga-qatysty-isting-man-zhaiy-aityldy/

pixel