Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда су қоймаларына толған тасқын суы ауыл шаруашылығында қолданылмақ

Опубликовано:

Су қоймасы
Су қоймасы. Көрнекі фото: pexels.com

Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдерінің айтуынша, еліміздегі бірқатар облыста су қоймалары толып қалған. Су қоймаларына жиналған тасқын су ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте қолданылмақ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлік ақпараты бойынша, Батыс Қазақстан облысының төрт ірі су қоймасы 92 пайызға толды. Олардың барлығы штаттық режимде жұмыс істеп отыр. Аймақта су тасқынының екінші кезеңі жалғасып отыр.

Сондай-ақ бүгінде Оралдағы Жайық өзенінің деңгейі – 786 см. Бір тәулікте су деңгейі 6 см-ге төмендеген.

Ақмола облысындағы екі ірі су қоймасы 100 пайызға толған. Дегенмен екі нысан да штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Облыста су тасқыны аяқталды. Астананың қорғаныс бөгетінен Есіл өзеніне тәулігіне 4,32 млн текше метр су жіберіледі.

Солтүстік Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасы 100 пайызға толды. Есіл өзеніндегі су тасқынының екінші кезеңі жалғасып отыр.

Петропавл шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі – 1141 см жеткен. Бір тәулікте су деңгейі 21 сантиметрге төмендеген.

Ақтөбе облысындағы екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші – 96 пайыз. Екі нысан да штаттық режимде жұмыс істеп отыр. Облыста күшті су тасқыны болды.

Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасындағы орташа су көлемінің көрсеткіші – 83 пайыз.

Абай облысындағы Шүлбі су қоймасы 43,1 пайызға толған. Облыстағы су тасқыны жалғасып отыр. Шүлбі су қоймасына бүйірлік салалардың ұлғаюына байланысты Ертіс өзеніне су ағыны жалғасып отыр. Ертіс каскадының барлық су қоймасы штаттық режимде жұмыс істеуде.

Қарағанды облысында үш ірі су қоймасы 99 пайызға толған. Олардың барлығы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Облыста су тасқынының белсенді кезеңі өтті.

Қостанай облысында екі ірі су қоймасындағы орташа су деңгейі – 92 пайызға тең. Екі нысан да штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Облыста күшті су тасқыны болды.

Су қоймаларында "Қазсушар" мамандарының кезекшілігі және су шаруашылығы жағдайының мониторингі жалғасып отыр. Ведомство ақпаратына сәйкес, су қоймаларына жиналған тасқын су ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдалану үшін жіберіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2097044-qazaqstanda-su-qoimalaryna-tolgan-tasqyn-suy-auyl-sharuashylygynda-qoldanylmaq/

pixel