"Шұлғау орау мен жаға тігуден басталады": саптағы сарбаздар әскери өмірге қалай бейімделеді (фото)
Жарияланған күні:
Еліміздің кез келген әскерге жарамды 18-27 жастағы азаматы Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Әскер ер баланы шынықтырып, есейтетіні белгілі. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі Ақтөбедегі 6655 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген сарбаздармен тілдесіп, ондағы тәртіппен арнайы барып танысты.
Ақтөбедегі 6655 әскери бөлімі қаладағы қоғамдық қауіпсіздікке жауапты. Әскери бөлімге кіру үшін бақылау-өткізу пунктінде портал тілшісі қатаң тексерілді. Мұндағы сарбаздар түзету мекемесіндегі сотталғандарды күзету, сотқа жеткізу жұмыстарын да қамтамасыз етеді.
Аумағы бірнеше гектарды алып жатқан әскери қалашықта сарбаздардың үй-жайы, қару-жарақ қоймасы, жаттығу алаңы, әскери көліктерге арналған автотұрақ бар. Әскери бөлімде маңдайшаға жазылған режим қатаң сақталады. Әр минут маңызды. Жүктелген міндет уақытында орындалуы қажет.
Әскердің "әліппесі"
Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы бірінші батальон командирі Қалбай Сейтжан сарбаздардың өмірімен таныстырды.
"Әскерге келген сарбаздарды арнайы офицерлер үйретеді. Әдістемелік сабақтар өтеді. Сарбаздар бір ай бойы әскери форманы қалай дұрыс кию керек, ақ жағаны қалай тігеді дегеннен бастап үйренеді. Аяқ киімді жылдам, дұрыс киюдің де тәсілі бар. Дұрыс оралған шұлғау аяқты қажамайды. Алғашында шұлғаудың не екенін білмей келетіндер болады. Шұлғау таза жүруге жақсы. Жағымсыз иіс болмайды. Оны дұрыс орау көрсетіледі. Бір айдан кейін ғана әскери ант қабылданады. Әрі қарай жауынгерлік қызметке үйретіледі", - деді батальон командирі.
Әскердің негізгі ережесін бір айда үйреніп шыққан сарбаздар кез келген уақытта тапсырманы орындауға дайын болу тәртібіне бейімделеді.
Әскери қызмет ерекшелігі – әскери тәртіп
Бір айдың ішінде негізгі ережені үйренген сарбаздар жауынгерлік жаттығуға кіріседі, әскери шендерді жаттайды.
"Бұйрық қалай беріледі, оны қалай орындау керек деген нәрсе және сарбаздың міндеттері түсіндіріледі. Сарбаздың ең бірінші міндеті өзінің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуден басталады. Үйретіліп жатқан әскери іс-қимылды, тәртіпті меңгеру, қару-жарақ, киімін дайын ұстау. Бастысы – әскери тәртіпті сақтау. Әскердің ерекшелігі – әскери тәртіп. Бауыржан Момышұлы "Соғыс психологиясы" деген кітабында "Әскер - мемлекеттің күші. Ол қатаң тәртіпке бағындырылған" деп жазған. Әскер – тәртіпке бағындырылған мемлекеттің күші. Біз соны сақтаймыз", - деді батальон командирі Қалбай Сейтжан.
Ол әскери қызметте 12 жылдан бері жүр. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. 2022 жылдан бері Ақтөбе қаласында әскери қызметте.
Автоматты 17 секундта бөлшектеп жинауды үйренген жауынгер
Әскери бөлімдегі сарбаздар еліміздің түкпір-түкпірінен келген.
"Әскери борышымды өтеп жатқаныма бес ай болды. Ақтаудан келдім. 18 жастамын. Көп нәрсе үйрендік. Таңертең ерте тұрып жүгіреміз. Таңғы сағат 6:00-де тұрамыз. Таңғы жаттығудан кейін асымызды ішіп, әркім өзіне берілген міндеттерді атқарады. Жауапкершілік дегенді түсіндік. Берілген тапсырма уақытында орындалуы керек. Болашақта әскери қызметте қалғым келеді.
17 секундта автоматты бөлектеп, жинауды үйрендім. Бұған дейін қару ұстап көрген жоқпын. Әскери өмір қызық", - деді сарбаз Жайман Тәңірберген.
Бір айдан кейін үйіне қайтатын ефрейтор
Ефрейтор Ақжол Төкенов Алматы қаласының тумасы. Әскери борышын аяқтауға аз уақыт қалған.
"Мен Алматы қаласынан келдім. Бір жылдан бері Ақтөбе қаласында әскери борышымды өтеп жүрмін. Бір айдан кейін үйге қайтамын. Өткен жылы Алматыдан 40 адам болып келдік. Қазір әрқайсымыз әр бөлімде жүрміз. Аптасына бір рет отбасымызбен сөйлесеміз. Ер балалардың әскерге келгені дұрыс. Жауапкершілікті сезініп, тәртіпке бағынуды үйренесің. Жасым 23-те. Мен мұнда ең үлкенімін. Негізі мектептен кейін уақытында келген жақсы. Үйге барған соң Алматыдағы жылу қондырғысы мекемесінде жұмысымды жалғастырамын", - деді Ақжол Төкенов.
Әскери бөлімде жаттығу алаңынан бөлек сарбаздардың жатын орны да көрсетілді.
"Жас сарбаздарды отансүйгіштікке әскери іс арқылы үйретеміз. Өзіміздің салт-дәстүріміз бар. Тәрбие жұмыстарында қолданамыз. Ең бастысы – отбасы құндылығын бағалау үйретіледі. Қазіргі жастардың әскерге қызығушылығы орташа. Әскери борышын өтеп, Отанға қызмет еткісі келетін жастар аз емес. Кейбірі шетелде оқығысы келеді. Қазақстан заңында елді қорғау оның әрбір азаматының борышы мен міндеті екені жазылған", - дейді 6655 әскери бөлімі командирінің орынбасары Төрахан Төртбаев.
Ол 2005 жылдан бері әскери қызметте. Қазақстанның оңтүстік, солтүстік өңірлерінде қызметте болған.
Әскери бөлім асханасында ет асылды
Сарбаздар күніне үш мезгіл тамақтанады. Асхана басшысының айтуынша, қызметте, қарауылда тұрған сарбаздарға қосымша тамақ беріледі.
"Ас мәзірі бір аптаға дайындалады. Бүгін мәзірде қазақ асханасының дәмі. Сарбаздарға ет асылып жатыр. Екінші тамақ палау. Жеміс, салат береміз. Міндетіме сарбаздарды уақытында тамақтандыру, ас даярлау және ас бөлмесін таза ұстау кіреді", - дейді асхана басшысы Мұратбек Мұхамбетәлі.
Айтуларынша, мұнда нанды да қолдан пісереді.
28 наурыздан бастап, су тасқынына байланысты жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланған Ақтөбе қаласында әскерилер жұмысы әлі тоқтаған жоқ. Су шайып кеткен саяжай аумағындағы үйлердің мүлкін қорғап, 24 сағат қызметте жүр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2097359-shulgau-orau-men-zhaga-tiguden-bastalady-saptagy-sarbazdar-askeri-omirge-qalai-beiimdeledi-foto/