"Бөлек сезім": боранда 18 км жолды жаяу жүріп өткен ақтөбелік құтқарушы "Айбын" орденімен марапатталды
Жарияланған күні:
Биыл қыста Ақтөбе облысында ауылдан сырқаттанып қалған 70 жастағы зейнеткерді аудан орталығына жеткізген құтқарушы Нұрболат Тәжіғұлов мерекеге орай үлкен марапатқа ие болды. Президенттің қолынан III дәрежелі "Айбын" орденін алған өрт сөндіруші ерекше әсерін бөлісті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының № 8 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Нұрболат Тәжіғұлов бүгін, 6 мамырда Рақымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.
Жоғарғы дәрежелі марапатқа ұсынылғанын естігенде ол Астанаға шақырғанға дейін сенбегенін айтады.
"Рас, "Айбын" орденін алатыныма Астанаға баратынымды естігенде ғана сендім. Кез келген адамға бұйырмайтын марапат. Президенттің қолынан алдым. "Жарайсың, құттықтаймын" деген сөзі бөлек сезім тудырды. Президенттің қасында тұрамын деп ойлаған жоқпын. Бұл жаңалықты естіген ата-анам "жаман бала тәрбиелемеген екенбіз. Балам, қуанттың" деп жатыр, мерейі өсіп жатыр. Марапат қуаныш сыйлайды. Ынталандырады", - дейді құтқарушы.
28 жастағы құтқарушы 2016 жылдан бастап Мұғалжар ауданындағы №8 өрт сөндіру бөлімінде қызмет етеді. Мұғалжар ауданы Қандыағаш қалаласының тумасы.
"Міндетіміз - адам өмірін құтқару. Ол кезде марапат алу туралы ойламадық. Сол күні қатты боран болды. Көліктің ішінде жол көрінбеді. Әріптестеріммен кезектесіп жаяу жүрдік. Ауылдағы әжені аман-есен ауруханаға жеткіздік. Жыл мезгілінің әр уақыты өз қиыншылығымен жүреді. Көктемде су тасқыны, қыста жол қиындығы бар. Адамдар ескертуге қарамастан жолға шығып кетеді. Жазда дала өрті көп. Түрлі оқиғалармен бетпе-бет келеміз. Есіктің құлыптанып қалуы, балалар үйден шыға алмаса да құтқарушыларды шақырады. Күнделікті жұмыс секілді қабылдаймыз", - дейді Нұрболат Тәжіғұлов.
Ақпанның боранында адам өміріне араша болған өрт сөндірушінің ерлігі желі қолданушыларын тәнті еткен болатын. Ол Мұғалжар ауданына қарасты Басшилі ауылында науқастанып қалған зейнеткерді аудан орталығына жеткізу үшін трэкол көлігінің алдына түсіп, 18 шақырым қашықтағы ауылға әріптестерімен бірге жаяу барып қайтқан еді.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2097146-bolek-sezim-boranda-18-km-zholdy-zhaiau-zhurip-otken-aqtobelik-qutqarushy-aibyn-ordenimen-marapattaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.