"Ең әділ шешім": Бас прокуратура Бишімбаев ісі бойынша мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
13 мамырда Бишімбаев ісі бойынша сот үкімі шығып, бұған қатысты Бас прокуратура өкілдері пікір білдірді. Ведомстводағылар "бас айыпталушыға 24 жыл жаза кесу – ең әділ шешім" деп мәлім етті, деп хабарлайды Бас прокуратураға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Құқықтық мемлекетте әр адам әділ сотқа жүгінуге құқылы. Заң үстемдігі мен әділдігі баршаға бірдей. Құқықтық мемлекетте әр азаматтың құқығы заңмен қорғалады және кез келген адам әділ сотқа жүгіну арқылы өз құқығын қорғай алады. Сот үкімі шыққанға дейін ол тек айыпталушы ғана. Ал Бишімбаевқа қатысты алқабилер сотының шешімі анық: ол – аса қатігездікпен кісі өлтірген қылмыскер", - делінген хабарламада.
Былтыр 9 қарашада кісі өліміне себепкер болды деген айыппен ұсталған Қуандық Бишімбаевтың ісі жария түрде қаралып, 27 наурыздан бастап алқабилердің қатысуымен жүргізілген сот процесі аяқталып, 13 мамырда шешімі жарияланды.
"Қоғамның қызу талқысына түскен, тікелей эфирдегі видеосы миллиондаған қаралым жинаған сот процесі барынша ашық түрде өтті, оның бас айыпталушыға 24 жыл жаза кесуі – ең әділ шешім", - деді Бас прокуратура өкілдері.
Бүгін, 13 мамырда Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды, оның туыс інісі Бақытжан Байжановқа 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ бүгін сотта Бишімбаевтың мүлкіне қатысты шешім шығарылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2099876-eng-adil-sheshim-bas-prokuratura-bishimbaev-isi-boiynsha-malimdeme-zhasady/