Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әкімдіктен жер сұрап отырмыз": Ақтөбеде тасқын кезінде зақымданған үйлер қайта саналып жатыр

Опубликовано:

тұрғын
Бау-бақша ұжымының тұрғыны. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе қаласында су тасқыны кезінде зақым келген, тұруға жарамсыз үй саны көбеюі мүмкін деген болжам бар. Өзен арнасының бойына үй салып алған тұрғындар әкімдіктен жылда суға кететін қызыл аймақтан шығаруды сұрайды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе қаласында Елек, Қарғалы өзендерінің бойындағы бау-бақша ұжымы тұрғындары су тасқыны кезінде түгел зардап шекті.

"70-тен аса үйге су кірген Нефтяник-4" бау-бақша ұжымы тасқын алған аймақтардың бірі. Мұндағы тұрғындар қазір күндіз үйін кептіруге келіп, кешкілік жатақханаға барып жатады.

"Бізде 7 сәуірде тасқын басталып, үйіміз суға кетті. Су деңгейінің қандай болғаны әлі күнге дейін үй қабырғасынан көрініп тұр. Су 1,5 метрге дейін көтерілді. Үйдегі заттың бәрі бүлінді. Тек техникамызды шығарып үлгердік. Әкімдіктен келіп қарап кетті. Болашақта біздің үйлердің бұзылатынын айтып жатыр. Себебі бау-бақша ұжымы толықтай қауіпті аймақта салынған", - дейді "Нефтяник-4" тұрғыны Әлия Құлбатырова.

тұрғын үй
"Нефтяник-4" бау-бақша ұжымы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Тұрғындар заттарын сыртқа шығарып, ылғал тартқан үйлерін кептіріп жатыр. Мұнда үш жылда әрең салып бітірген баспанасы суда қалған жас отбасылар да бар.

"Үйді салғанымызға үш жыл болды. Шамамыз келгенше салдық. Газды биыл ғана кіргіздік. Рахатын енді көреміз деп отырғанда судың астында қалдық. Төртінші балаға аяғым ауыр. Жатақханада тұрамыз. Әкімдік бәріне көмектесіп жатыр. Жылда көктем сайын босып жүреміз", - дейді тұрғын Гүлзат Молдахметова.

Ақтөбе қаласы
"Нефтяник-4" бау-бақша ұжымы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бау-бақша ұжымындағы кей тұрғындар жақында ғана несие алып, үйіне жөндеу жүргізгенін айтты.

"Үйдің ішінен есептегенде су деңгейі 1,2 метрге жетті. Үйді салып жатқаныма төрт жыл болды. Биыл болып қалдық дегенде осындай жағдай болып, қажытып жіберді. Үйдің астының бәрі су, іші ылғал. Бұл жерде 15 минут отыру қиын. Жылда осы жағдай. Қыста алты млн теңге несие алып, есік, ламинат, түсқағаз бәрін жаңартып едім. Бәрі кетті. Ол несие әке-шешемнің мойнында тұр", - дейді тұрғын Айдар Қалиев.

үйдің іші
Үйдің іші. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Нефтяник-4" бау-бақша ұжымында құлағаны көзге көрініп тұрған екі үй бар. Бірақ су кеткеннен кейін қабырғалары жарылып, іргетасы отырып қалған үйлер аз емес.

"Су тасқыны 26 наурызда басталды. Бір апта бойы бөгет жасадық, суды ұстадық. Екінші толқын келгенде су кірді. Бір күн бұрын адамдарға эвакуация жасады. 10 минут ішінде бау-бақша ұжымы толық суға кетті. Саманнан салынған екі үй қирап қалды. Тағы бес-алты үй жарылып, тұруға жарамсыз болып тұр. 70-тен аса үй бар. Әкімдіктен жер сұрап отырмыз. Үстіне қосымша көтерме ақшасын берсе, өзіміз тұрғызып алар едік. Жас отбасылар пәтер сұрап жүр. Бізді осы қауіпті белдеуден шығарса екен. 2017 жылы да осындай жағдай болды. Күндіз келіп үйлерін кептіріп, кешке жатақханаға барып жатады. Кейбірі үйлеріне қайтып, кіріп алды. Далада жүргеннен өз үйің жақсы", - дейді бау-бақша ұжымының төрайымы Салтанат Байғариева.

Ал қала әкімдігі өкілдері тасқын кезінде зақымданған баспана саны өсуі мүмкін деген болжам жасады.

"Нефтяник-4"
"Нефтяник-4" бау-бақша ұжымы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Қалада 3517 нысан су басқан аймақта болды. Оның ішінде 3185 саяжай үй, 296 жеке тұрғын үй. Бау-бақша үйлері өзен арналарында орналасқан. Тәуелсіз бағалау комиссиясы 2741 үйді аралап материалдар жинақтап жатыр. Қазір техникалық комиссия мамырдың соңы - маусымның басында аяқтап, әкімдікке нақты қанша үй тұруға жарамсыз екені туралы қорытынды береді. Әзірге 35 үй деген ақпарат расталды. Бірақ бұл сан өзгереді. Себебі комиссия тұрғындардың талабы бойынша кей үйлерге су кетпей тұрып барған, қазір қайта тексеріп жатыр. Тұруға жарамсыз үй саны 100-ге жетеді деген болжам бар”,- деп хабарлады Ақтөбе қаласының әкімдігі өкілдері.

Айтуынша, комиссия қорытындысы шықпағанша нақты шешім қабылданбайды. Үйі жарамсыз деп танылғандарға сол үйдің көлеміндей пәтер берілетіні түсіндіріліп жатыр.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2100170-akimdikten-zher-surap-otyrmyz-aqtobede-tasqyn-kezinde-zaqymdangan-ui-sany-qaita-sanalyp-zhatyr/