Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Екі облыстағы оқиғалардан кейін Оқу-ағарту министрлігі шұғыл кеңес өткізді

Опубликовано:

Ғани Бейсембаев
Ғани Бейсембаев. Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Павлодар және Жамбыл облыстарында болған оқиғалардан кейін Оқу-ағарту министрлігінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кеңес өтті. Оқу-ағарту министрі өңірлердегі психологиялық қызметтердің жұмысын күшейтуді тапсырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ведомствоға сілтеме жасап хабарлайды.

Павлодар және Жамбыл облыстарындағы оқыс оқиғалар бүгін облыс әкімдерінің орынбасарлары, полиция департаменттері, білім басқармалары, аумақтық департаменттер мен ведомстволық бағынысты ұйым басшыларының қатысуымен өткен балалардың қауіпсіздігі мәселелеріне арналған шұғыл кеңесте талқыланды.

Өз баяндамасында Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова өткен жылдың басынан бастап министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп білім беру ұйымдарын техникалық қауіпсіздік құралдарымен жарақтандыру бойынша жан-жақты жұмыс атқарғанын атап өтті.

Нормативтік-құқықтық актілер, балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспар және буллингке қарсы бағдарлама қабылданды. Осыған дейін мектептерде психологиялық-педагогикалық жұмысты күшейту туралы мәселе бірнеше рет көтерілді, бірақ бұл жағымсыз жағдайлар жергілікті атқарушы органдардың тарапынан жіберілген олқылықтарды көрсетіп берді.

Оқиға орын алған мектептердегі және жалпы білім беру ұйымдарындағы жағдай мен қабылданған шаралар туралы Павлодар және Жамбыл облысы әкімдерінің орынбасарлары ақпарат берді.

Оқу-ағарту министрі психологиялық қызметтердің жұмысын күшейтудің және қалған сегіз өңірде оны ашуды жеделдетудің маңыздылығын атап өтті.

"Тағы да қайталаймын, балалардың қауіпсіздігі – біздің ортақ міндетіміз. Жағдайды біржақты бағалауға болмайды. Қазір өңірлердегі психологиялық қызметтердің жұмысын институционалды түрде күшейту қажет. Білім беру ұйымдарына мамандандырылған сапалы күзет қызметін қою керек. Балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жұмыстарын нәтижелі жүргізу маңызды", - деп атап өтті Ғани Бейсембаев.

Ведомство басшысы мектепішілік бақылауды күшейтуге және әрбір мектепке учаскелік инспекторларды бекіту мәселесіне жеке тоқталды. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті аумақтық департаменттермен бірлесіп білім ошақтарында мектепішілік есепке алуды және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді сапалы қамтамасыз етуі керек.

Еске салайық, бір күн бұрын Павлодарда мектептердің бірінің мұғалімі мен оқушысы пышақ жарақатын алған. Оларға шабуыл жасады деген күдікті ұсталды.

Сондай-ақ бір күн бұрын Жамбыл облысындағы ауылдардың бірінен үйлердің жанынан баланың денесі табылғаны хабарланды. Кісі өлтірді деген күдікпен басқа кәмелетке толмаған ұсталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2100539-eki-oblystagy-oqigalardan-keiin-oqu-agartu-ministrligi-shugyl-kenges-otkizdi/