"1,5 айдан бері қаңғып жүрміз": үйін су басқан Құлсары халқы билікке жанайқайын жеткізді (видео)
Жарияланған күні:
15 мамырда Атырау облысы Құлсары қаласының үйлері тасқын су басқан тұрғындары аудан орталығындағы жолды жауып, көліктерді өткізбей, аудан әкімдігі ғимаратының алдына жиналды. Мыңға жуық тұрғын әлі де баспанасыз қаңғып жүргенін айтып, биліктен мәселелерін тез арада шешуді талап етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Еске сала кетейік, 5 сәуір күні Құлсары қаласы суға кетті. 2500-ге жуық жеке тұрғын үй мен әкімшілік ғимараттарды су басты. Құлсары қаласынан 12 мың адам эвакуацияланды, оның ішінде 5 мыңы – бала. Эвакуацияланған тұрғындар Атырау қаласына, Маңғыстау облысының аудандарына орналастырылды. Көпшілігі әлі күнге дейін су басқан үйлеріне кіре алмай, пәтер жалдауға мәжбүр.
Осы уақытқа дейін мәселелерінің шешілмегеніне ашынған халық әкімдік алдындағы қозғалысты тоқтатып қоршап алды. Әбден әбігерге түскен олар суға кеткен үйлерінің өтемақысын тез арада өтеуді талап етті.
"Тасқын су салдарынан үйім суға кетіп, жарамсыз деп танылды. Мен үйімнің әр шаршы метрін 400 мың теңгеге бағалап, өтемақы төлеуді талап етемін. Үкімет бізге үй салмай-ақ қойсын. Сапасыз үйдің бізге қажеті жоқ. Өзіміз дұрыстап салып аламыз. Осыны билікке жеткізу үшін осы алаңға жиналып тұрмыз", - дейді Құлсары тұрғыны Жайлаш Мұқанова.
"Үйіміздің 1 шаршы метрін 400 000 теңгеге бағалаудан бөлек, жасаған жөндеуіміздің, жалдап жатқан пәтеріміздің ақысын төлеуді және моральдық шығын өтеуді үкіметтен талап етеміз. Талабымызды орындауға уәде бермейінше алаңнан кетпейміз", - дейді тағы бір тұрғын.
Жиналған халық таңертеңнен түс қайтқанға дейін тарқамай, жол ортасына шатыр тігіп, талаптары орындалмайынша ешқайда кетпейтіндерін айтып тұрып алды. Жиналған халықтың жанайқайын Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов тыңдап, зардап шеккендерге өтемақының қалай төленетіні, жаңа тұрғын үй беру туралы ақпарат берді.
"Залалды бағалау нәтижелері жария етілгеннен кейін, Жылыой ауданының әкімдігі екі бағытта қаражат төлеу бойынша жұмыс істейді: біріншіден, егер үйлер жөндеуге жататын болса, тұрғын үйлерді жөндеуге қаражат, сондай-ақ зардап шеккен мүлікке өтемақы төленеді. Егер үйлер апатты деп танылған жағдайда мемлекет есебінен жаңа үй салынады.
Екінші жолы - Құлсары қаласында немесе Атырау облысының аумағындағы кез келген елді мекенде тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ зардап шеккен мүлікке өтемақы төленеді. Зардап шеккен тұрғындардан барлығы 3000-ға жуық өтінім келіп түсті. Қазіргі кезде бағалау жұмыстары жалғасуда", - деп жауап берді аудан әкімі.
Әкімдіктің мәліметінше, бүгінде Жылыой ауданында су басқан 2 920 үйдің 2 906-сы судан тазартылған. 2 667 тұрғын-үй техникалық зерттеуден өтті. Оның ішінде 2 622 тұрғын үйге бағалау жүргізілген. Су тасқынынан зардап шеккен 3904 тұрғынға 100 пайыз біржолғы төлем аударылды.
Авторы Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2101292-1-5-aidan-beri-qanggyp-zhurmiz-uilerin-su-basqan-qulsary-halqy-bilikke-zhanaiqaiyn-zhetkizdi-video/