БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен қанша мың отбасына көмек берілді
Жарияланған күні:
Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен 9 мыңға жуық отбасына әлеуметтік көмек берілді, деп хабарлайды орталық коммуникациялар қызметі Telegram-дағы ресми арнасында.
"Тұрғындардың шығынын есептеу жөніндегі комиссия қорытындысы бойынша тұрғын үйлерін жөндеуге 253 отбасыға 422 млн теңге қаржы төленді. Алдағы уақытта тұрғындардан түскен өтініштер негізінде төлемдерді беру жалғасуда", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бүгін су тасқыны салдарынан қашықтан білім алған оқушылар үшін "Жазғы мектеп" жұмыс істейтінін жазған едік. Оқу-ағарту министрлігі өкілі сабақтар қашан басталатыны және қалай өтетіні туралы айтты.
Ал кеше, 21 мамырда премьер-министр Олжас Бектенов мемлекет басшысына су тасқыны салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстары жөнінде есеп берген болатын.
Сондай-ақ бұған дейін Батыс Қазақстан облысында бүгінгі күнге дейін су тасқынынан зардап шеккен 8882 отбасыға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 3,2 млрд теңге біржолғы әлеуметтік көмек берілген еді.
Оған қоса Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының тұрғындары Жымпиты ауылында жиналып, мәселелерін баяндағаны хабарланған болатын. Жергілікті тұрғындардың үйі су тасқынынан зардап шеккенімен, олардың үйі апатты деп танылмаған. Азаматтар мәселеге қатысты жанайқайын жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2104914-bqo-da-su-tasqynynan-zardap-shekken-qansha-myng-otbasyga-komek-berildi/