Ақтөбелік аналар тасқыннан зардап шеккен отбасыларына арнап 155 метр көрпе тікті (фото)
Жарияланған күні:
Ақтөбеде 46 ана жалпы ұзындығы 155 метрге жететін 67 көрпе тігіп шықты. Қолөнер туындысы су тасқынынан зардап шеккендерге таратылады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Биыл Ақтөбедегі этнофестиваль ерекше форматта өтіп жатыр. Әсіресе "Көрпе Party" шарасы көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Ақ орамалды аналар қызғалдақ бейнеленген көрпені шеру жасап алып шықты.
"Бұл – шебер аналардың бірлескен жұмысының нәтижесі. Ұстаздар, мәдениет қызметкерлері, аналар кеңесінің өкілдері бірігіп, онлайн чат арқылы ақылдастық. 155 метрге жететін 67 көрпе дайындалды. Көрпе сапалы. Онда Ақтөбе қаласының басты символына айналған қызғалдақ оюы бар. Қызғалдақ құрағы мен қошқар мүйіз оюы біріктіріліп жасалынды. Көрпелер су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға арнап тігілді. Кішкентай да болса ақ тілегіміз”,- деді ақтөбөлік ана Жайнагүл Қайралапова.
Әр көрпе стандартты өлшеммен тігілген. Ұзындығы 2,25 м, ені 85 см. Фестивальге ұсынылған 67 көрпенің 48-і тасқын судан зардап шеккен 16 отбасына табысталады.
Сонымен қатар этнофестивальде 30 шебер келіншек қолөнер бұйымдарын ұсынды. Ақтөбенің бренд өнімдері мен ұлттық ойындар қойылды. Ақ жаулықты аналар қазақша киіз басудың үлгісін көрсетті.
"Бұл киізді өзіміз бастық. Қаланың 155 жылдығына арналды. Жүнді табу оңай болмады. Үш ауданнан төрт қапшық жүн таптық. Ұлттық құндылықтарымыз ұмытылмасын, жастарымыздың көзі қанығып, қолымен көрсін деп жасалу үлгісін көрсетіп жатырмыз. Жүнді түтіп, сабап көруге болады", - деді 75 жастағы зейнеткер Лена Әлниязова.
Айта кетейік, бұл этнофестиваль Ақтөбеде қаласының 155 жылдығына арналған. Кешке эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтті. Ақтөбе қаласы әкімдігі баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, әншілердің жолақысын демеушілер көтерді. Sadraddin, Мархаба Сәби, Мәдина Сәдуақасова, Еркеш Хасен, Аллаберген Жақсыбаев, Әлішер Каримов өнер көрсету үшін ақы сұрамаған. Су тасқынан зардап шеккендерді қолдау шарасында ақысыз өнер көрсетуге келіскен.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2107185-aqtobelik-analar-tasqynnan-zardap-shekken-otbasylaryna-arnap-155-metr-korpe-tikti-foto/