"Ауыр күндер артта қалды": Ақтөбе облысында ауыл халқы сәуірден бері су тасқынымен қалай алысты
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында екі бірдей ауыл тасқын судан аман қалды. Әскери қызметкерлер мен ауыл тұрғындары екі ай бойы құм толтырылған қапшықтан бөгет тұрғызды. Екі ауылға 240 мың қап құм төселген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының екі ауылы аралда тұр. Ырғыз бен Торғай өзені бір айдан аса уақыт кезекпен тасып, Жайсаңбай және Тәуіп ауылдық округі су ортасында қалды. Тасыған су ауыл іргесіне дейін келді. Жүздеген адам бірнеше күнді ұйқысыз өткізіп, ауылды аман алып қалды.
Екі ауыл да аудан орталығынан 100 шақырым қашықта жатыр. Қазіргі жағдайды ауыл әкімдері баяндап берді.
Су деңгейі жеті метрге жеткен ауыл халқы қалай бөгет тұрғызды
"Бізде 4 сәуірден бастап су тасқынымен күрес жұмыстары жүрді. Бірінші Ырғыз өзені келді. Одан кейін Торғай өзені тасыды. Қазіргі кезде жағдай қалыпты. Су деңгейі жеті метрге дейін көтерілді. Одан жоғары болмаса төмен емес. Қазір 20 см-ге түскен. Бір күнде шамамен 10 мың қапқа дейін төсеген кездер болды. Жалпы бір айдан аса уақыт ішінде 200 мың қап құмнан бөгет жасалды. Қазір тек жырып кетіп жатқан жерлерге күніне 500-1000 қап қойып отырмыз", - деді Тәуіп ауылдық округінің әкімі Камал Тілеужанов.
Тәуіп ауылында осы уақытқа дейін тасқынмен күрес жұмыстарына 12 техника жұмылдырылды. Олардың дені көрші ауылдардан алынған. Сонымен қатар ауылдың еңбекке жарамды 60 тұрғыны білек түре жұмыс істеді. Ауылдың қарт кісілері, бала-шаға, қыз-келіншектері аудан орталығындағы эвакуациялық пунктте жатыр.
"Ауыр күндер артта қалды. Соңғы күндері ғана ұйықтап жүрміз. 24 сағат көз ілмей жұмыс істеген кездер болды. Жел болған күндері толқын күшейіп, бөгетті жырып кетіп жатты. Ыждағатпен бекітіп, жолын жабамыз. Мен де, халық та ұйқысыз күндерді бірге өткіздік. Ауылдың тасқын судан аман қалуы халықтың ауызбіршілігінің арқасында. Халық мені тыңдады, мен халықты тыңдадым, ел болып ауыл ақсақалдарының сөзіне құлақ түрдік. Ауылда ер адамдар қалып, демалмастан қапшықтан бөгет жасай бердік. Күніне 150 адамға тамақ ұйымдастырылады. 150 адам үш мезгіл асты бір жерден іштік. Әскери қызметкерлер, тұрғындар ауылдағы шағын кафеде отырып тамақтандық. Аудан орталығынан азық-түлік, жанармай, қапшық жеткізіліп тұрды. Ауданға бару үшін 5-6 метр жерді қайықпен жүріп өтеміз. Бүгін техника жүретін бөгетті салу жұмыстары басталады", - деді Камал Тілеужанов.
Аудан орталығына тек қайықпен жетуге болады
Көрші Жайсаңбай ауылындағы жағдай да қазір тұрақтанған. Ауыл әкімінің айтуынша, тұрғындар қалыпты тірлігіне кірісіп кетті.
"Қазір су қайтып жатыр. Су деңгейі 1,88 метрге дейін жетті. Бөгеу жұмыстарын тоқтатқанымызға он күндей болды. Оған дейін бір айдан аса уақытта күніне екі мыңдай қапшық салып отырдық. Барлығы шамамен 40 мың қапшық төсеп, бөгет жасадық", - деді Жайсаңбай ауылдық округінің әкімі Руслан Қобанов.
Жайсаңбай ауылында алғашқы он күнде 30 әскери қызметкер болды. Соңғы бір айға жуық 15 әскери қызметкер тұрақты жұмыс істеп жүр. Сонымен қатар ауылдың 60 азаматы бар. Қапшыққа құм салып, бөгеу жұмыстарын жүргізді.
"Біз 1 сәуірден бастап қамдандық. 8 сәуірде ауыл іргесіне дейін су келді. Айналдырған он күн ішінде деңгейі көтерілді. Ұйқысыз күндер өтті. Қорқыныш болды. Халық эвакуация жасауға көнген жоқ. Ауылды аман алып қаламыз деп жұмысты бастап кетті. Бәрін бақылауда ұстадық. Адам өміріне қауіп төнсе эвакуацияға дайын болдық. Бірақ соңына дейін күрестік. Қазір қауіптің беті қайтып жатыр. Халықтың көңілі орнына түсті. Тұрғындар бұрынғы тұрмысына көшіп, тірлігін жасап жатыр. Тек аудан орталығымен қатынас қайықпен ұйымдастырылып жатыр. 16 км жерді 1,5 сағатта қайықпен жүреміз. Облыстық ТЖД бізге екі қайық берді. Жүргізушілері бар. Азық-түлік, жанармай жеткізіледі", - деді ауыл әкімі Руслан Қобанов.
Ырғызда 144 үй суда тұр
Ақтөбе облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі кезде Ырғыз ауданында 144 үй суда тұр. Оның ішінде 115 үй Нұра ауылында, 25 үй Мамыр ауылында, 4 үй Белшер ауылында. Осыған дейін суда турған ауыл көрінісінен арнайы репортаж дайындаған болатынбыз.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында биылғы су тасқыны кезінде 6 аудан және Ақтөбе қаласында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды.
Өңірде көктемгі су тасқыны кезінде 4084 үй бүлінді. Оның 2627-і саяжай аумағындағы баспаналар.
Ақтөбе облысында тұруға жарамсыз деп танылған 652 үй қайта салынады. 309 отбасына дайын үй сатып алады. 3123 үйге жөндеу жүреді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2109300-auyr-kunder-artta-qaldy-aqtobe-oblysynda-auyl-halqy-sauirden-beri-su-tasqynymen-qalai-alysty/