"Су деңгейі түспей тұр": Ақтөбе облысындағы ауыл биіктігі үш метр суда қалды (фото)
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Нұра ауылы екі аптадан бері суда тұр. Өткен жылы 115 млн теңгеге салынған ауыл әкімдігі де су ортасында қалды. KAZ.NUR.KZ тілшісі ауылдың қазіргі жай-күйімен танысып, тұрғындарымен тілдесіп қайтты.
Нұра ауылының халқы 12 сәуірден бастап эвакуацияланды. 14 сәуірде бөгеттер бұзылып, ауылға су лап етті. Алғашында ауылдың "Түбек" деп аталатын төменгі бөлігіндегі 34 үйге су кірді. Кейін арнасынан асқан Тоғай өзені ауылдағы 100-ден аса үйді алып кетті. Қазір ауыл ішіне кірген су деңгейі шамамен үш метрге жеткен.
Жаңа әкімдік ғимараты суда қалды
Нұра ауылдық округі әкімінің сайлауы 7 сәуірде өтті. 8 сәуірден бастап жаңа әкім Ақнәр Омаров өз қызметіне кірісті. Үш күннен кейін ауылда тасқын қаупі күшейді.
11 сәуірден бастап Нұра ауылы тұрғындарын тікұшақпен эвакуациялау басталды. Нұра ауылдық округіне қарасты Нұра, Мамыр, Белшер ауылдарының халқы эвакуацияланды.
"Мамыр ауылында 25 үй, Нұрада 103 үй зардап шекті. Құйлыс пен Жайсаңбай қазір жұмыс істеп жатыр. Қостанай облысы Жангелді ауылы әкімімен сөйлестім. Торғай, Ақшығанақ түсіп жатыр. Олардың суы бізге келді. Мамыр ауылында су қайтты деп айтуға болмайды. Нұра сол күйінде тұр. Белшерде 4-ақ үй. Дәл осы деңгейде тұрғанда қауіп жоқ. Ауыл ортасындағы Нұра ауылдық округі әкімдігінің ғимараты да суда тұр. Өткен жылы пайдалануға берілді. Жоба құны 115 млн теңге. Судың тереңдігі 2 метр 80 см болып тұр", - деді Ырғыз ауданы әкімі Нұрлан Қызбергенов.
Нұра ауылында барлық әлеуметтік нысан түгел суда тұр. Былтыр ғана жөндеуден өткен екі қабатты ауыл мектебі, ауыл клубы, балабақша белуардан суда.
Ауылдағы бес дүкеннің шатыры су бетінде қалқып жүр. Мешіт те су ортасында. Балалардың ойын алаңы мүлде көрінбейді.
Үш метрлік бөгет су астында қалды
Нұра ауылдық округі Түбек және Штаб деген екі бөлімшеден тұрады. Екі ауылдың ортасында сор бар. Түбектегі үйлер түгел жарамсыз. Бірінің шатыры ғана көрінсе, енді бірінің ізі де қалмаған.
Ауыл тұрғындары су басқан үйлерін көрсетіп, жай-күйін айтты.
"Осы Нұра ауылында туып өстім. Үйімді өз қолыммен жөндеп, кеңейтіп алып едім. Бәрі суда қалды. Негізі 24 наурыздан бастап ауыл болып бөгет салдық. 14 сәуір күні үйге су кіріп кетті. Ескерту үшін мектептегі дабыл жүйесін қосты. Себебі екі жақта бөгет бұзылды", - деді ауыл тұрғыны Бөкенбай Қарин.
Ер азаматтар 10 күн бойы ауылды айналдыра бөгеттер тұрғызды. Мыңдаған құм толы қап төсеп, бөгет биіктігін үш метрге дейін жеткізген. Оған күні-түні кезекшілік қойып, күзеткенімен көп көлемде келген су үш метрлік бөгеттен де асып кетті.
"Осы жерде өстім, өндім. Төрт баламды өсірдім. 24 сәуірде ауылымыз түгел суға кетті. Абдырап қалдық. Судың көлемі қатты болды. Оны тоқтату мүмкін емес. Бізге енді қайтадан үй салып берсе… Нұра деген ауыл ұмыт қалмау керек. Бізді аудан орталығына апарғаннан кейін тіркеліп, осы жерге қайтып келдім. Қазір тасыған өзен жанындағы палаткада жатырмын. Қимайсың... Мал бар. Бұл ауылда тұрғаныма 70 жыл болды. Бұрын мұндай су келген емес. Ауылды қорғап қалатын мүмкіндік болмады. Бәрін тастап шықтық. Шыны керек, су лап еткенге дейін сенген жоқпыз", - деді Нұра ауылының тұрғыны Темірбек Құлымбаев.
Ауылда қалған Ақтабан
Портал тілшісімен бірге моторлы қайыққа мініп, ауылды аралаған Бақытқали Ахметов үйінде қалған итін іздеді. Айтуынша, 15 күн бұрын келіп, ауылға кіре алмай кеткен. Үйіне жақындап, Ақтабан деп шақырғанда иесін таныған ит бірден жүзіп келді.
"Балаларым сұрап жүр еді. Күшік кезінен асырадым. Итімді қатты уайымдадым", - дейді Бақытқали Ахметов.
Жаңа Нұра: бір ауыл жаңа орынға көшеді
Ырғыз ауданы Нұра ауылында 112 үй бар. Оның қазір 103-іне су кірді. Сонымен бірге Нұра ауылдық округіне қарасты Мамыр ауылында 22, Белшерде 4 үй жарамсыз күйде. Десе де салынатын үйлердің нақты саны әлі күнге дейін белгісіз. Себебі ауыл су ортасында тұр.
Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов Нұра ауылын түгел көшіру қажеттігін айтты.
"Мамыр ауылында 25 үйге, Нұрада 103 үйге су кірді. Оларды техникалық бағалаушылар қарап, шешімін шығарады. Қаншасын салып, қаншасына жөндеу жүргізілетіні сол кезде белгілі болады. Ал қазір Құйылыс пен Жайсаңбай ауылында бөгет бекіту жұмысы жүріп жатыр. Торғай өзенінде су деңгейі түскен. Ол су біздің Нұра мен Мамыр ауылдарына келеді. Ал бұл ауылдарда су деңгейі түспей тұр", - деді Нұрлан Қызбергенов.
Аудан әкімі ауыл тұрғындарымен бірге ауыл айналасынан биік жер қарап жүр. Ауыл ақсақалдарының шешімі мен арнайы мамандардың бақылауынан кейін жаңа Нұра ауылының құрылысы басталады.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2094116-su-lap-etkenge-deiin-sengen-zhoqpyz-aqtobe-oblysyndagy-auyl-biiktigi-ush-metr-suda-qaldy-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.