"Болашақ" бағдарламасы жабыла ма: министр жауап берді
Жарияланған күні:
Сенат отырысынан кейін кулуарда ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен журналистер "Болашақ" бағдарламасы жабыла ма деп сұрады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
БАҚ өкілдері Наталья Гавриленконың кепілдегі пәтерін қайтармағанын, Болашақ түлектері Бишімбаев пен Байбектің сәтсіз кейсін алға тартты.
"Болашақ бағдарламасы керек деп ойлаймын. Өйткені Қазақстанда кейбір мамандар тапшы. Мәселен, су қауіпсіздігі бойынша. Бізде суды тазарту бойынша маман жоқ. Сингапурмен келісімге келдік. Тағылымдамадан өтіп келеді", - деді ол.
Министрің пікірінше, жалпы алғанда бағдарлама еліміздің дамуына пайдасын тигізіп жатыр. Қазақстанның ақшасына оқып, міндетті 5 жыл жұмыс істемейтіндер 2 пайызы ғана.
"5 жыл жұмыс істеу керек шартты орындамай, шетелге кетіп қалғандар қатысушылардың 2 пайыз, 200 адамның айналасы. 13 500 адам осы бағдарлама бойынша білім алып келді. "Болашақ" түлектері бұған дейін елімізде жасалмаған отаны жасап жатыр, қаншама ғалым экономикамызға пайдасын тигізіп жатыр. Бірақ шулы жаңалықтар тез таралып кетеді", - деді ол.
Министрдің айтуынша, қазір шетелде маман дайындауға ғана емес, еліміздегі жоғары оқу орындарының деңгейін халықаралық деңгейге көтеруге көңіл бөлініп жатыр.
"Өздеріңіз де білетіндей, біз қазір шетелдікті білімді қазақстандықтарға қолжетімді ету үшін олардың филиалдарын өңірлерден ашып жатырмыз. 19 әлемдік деңгейдегі университеттердің филиалдарын аштық. Уақыт өткен сайын, шетелдік білімді өз елімізде дайындайтын боламыз. Біз осыған қадам басып келеміз. Қазір еліміздің көп өңірлерінде ашылды, осылай жоғары білімді халықаралық деңгейге көтереміз деп отырмыз. Әрине, мақсатымыз үлкен болып көрінуі мүмкін", - деді Саясат Нұрбек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2109498-bolashaq-bagdarlamasy-zhabyla-ma-ministr-zhauap-berdi/