Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мені ешкім алдай алмайды": Смайылов кезінде өзі басқарған үкімет жұмысына жасалған аудит туралы айтып берді

Опубликовано:

Әлиан Смайылов фото
Әлихан Смайылов: Фото: Nur.kz/Бақытжан Отарбаева

Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бюджеттің дұрыс игерілмеуіне байланысты үкіметтің кейбір кемшіліктерін атап өтті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Оның сөзінше, кейбір жобалар қаражат толық берілгенімен, уақытында орындалмаған.

"Жайлы мектеп" ұлттық жобасына 2023 жылға көзделген қаражат толық көлемде берілді. Бірақ оның тек 38 пайызы игерілген. Қаражатты барынша үнемдеп отырған уақытта мұндайға жол беруге болмайды. 37 жобалау-сметалық құжаттама бірыңғай стандарт бойынша уақытылы әзірленбеген. Осы жылдың сәуір айындағы деректерге сәйкес жобалауға және құрылысын толық аяқтау үшін жасалған 207 шарттың тек 26 жобасына ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы берілген. Іс жүзінде жобалау-сметалық құжаттамасыз объектілердің бірінші қабаттары тұрғызылып, құрылысы басталғандардың жартысының іргетасы қаланған. Сол сияқты "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" жобасында да белгіленген мақсаттардан артта қалу байқалады. 227 нысан бойынша жобалау аяқталмаған. Жыл басындағы жағдай бойынша объектілердің 17 пайызы пайдалануға берілмеген", - деді палата төрағасы.

Смайылов сонымен қатар бюджеттің әрбір теңгесі қаражат тапшылығы жағдайында қарастырылғанына өзі куә болғанын тілге тиек етіп, өз міндеттеріне немқұрайды қараған бюджеттік әкімшілерден сұрау қатаң және әділ болатынын айтты.

"Баламалы қаржыландыру көздері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл басым міндеттерді ресурстармен толық қамтамасыз ету үшін жасалған болатын. Бюрократиялық кедергілер алынып, ұлттық жобаларды уақытылы іске қосу үшін барлық жағдай жасалды. Сондықтан Жоғары аудиторлық палатаның басшысы ретінде өз міндеттеріне немқұрайды қараған бюджеттік әкімшілерден сұрау қатаң және әділ болады деп сендіргім келеді", - деді ол.

Ол сондай-ақ төрт өңірде: Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарында жүргізілген аудит нәтижесінде бюджеттік инвестициялық жобалардың 27 пайызы бойынша құрылыстың нормативтік мерзімдерінің сақталмағанын атап өтті.

"Кейбір жобалардың іске асырылуы 10 жылға дейін созылып келеді. Уақытында аяқталмаған жобалардың 60 пайыздан аса қымбаттағаны анықталып отыр. Ал қалған маңызды инженерлік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудағы өңірлердің сылбырлығы неге әкеп соғатынын әлі анықтау керек. Жазаланғандар 2023 жылдың қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата құқық қорғау органдарына 23 аудит материалын жіберген. 123 лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа, 32 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Есепті кезеңде 28 млрд теңге қалпына келтіріліп, өтелген", - деді ол.

Үкімет жұсысының кемшіліктерін атаған палата төрағасынан журналистер "жаңа қызметіңіз бен бұрынғы қызметіңіздің арасында қайшылық жоқ па?" деп сұрады. Тілшілер қазір аудит жүргізіліп жатқан бюджетті Смайылов бекіткенін алға тартты.

"Қайшылық жоқ. Премьер-министр ретінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілері келіп, қажетті қаражатты сұрады. Олар нені алға тартып, қандай мақсатты көздегені маған өте жақсы мәлім. Біз сол қаражат мақсатқа сай жұмсалғанын тексереміз. Мені алдай алмайды", - деді Смайылов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2112747-men-eshkim-aldai-almaidy-smaiylov-kezinde-ozi-basqargan-ukimet-zhumysyna-zhasalgan-audit-turaly-aityp-berdi/