Шымкентте 2020 жылы салынған көпқабатты үйдің тұрғындары көшеге шығып, неге наразы екенін айтты
Жарияланған күні:
Шымкенттегі "Шымсити" шағынауданында бюджет қаржысына салынған көпқабатты үй тұрғындары шу көтерді. Олар төменгі қабаттағы дүкендердің бітпейтін құрылысына наразылық танытты. Айтуларынша, құрылыс жұмыстарының салдарынан үй зақымдаған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Тұрғындар мәселені шешуді талап етіп көшеге шыққан кезінде түсірілген видео желіде жария болды. Видеодан жанайқайын айтқан тұрғындар мен полиция қызметкерлерін және жедел медициналық жәрдем көліктерін байқауға болады.
"Шымкент тұрғындары жаңа тұрғын үй кешені неліктен күтпеген жерден зақымданып, құлауға дайын тұрғанын түсінбей жатыр. Бұл сұраққа жауапты қала әкімі Мұрат Әйтенов біледі", - делінген жазба сипаттамасында.
Портал тілшісі тұрғындардың мәселесі бойынша әкімдік өкілдеріне сауал жолдап, жауап алды.
Қала әкімдігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, "Шымсити" шағынауданындағы тоғыз қабатты төрт үйдің төменгі қабатында коммерциялық нысанның құрылысы жүрген.
Аталған төрт үй Шымкент қалалық құрылыс басқармасының тапсырысымен бюджет қаражатына салынып, 2020 жылы қолдануға берілген.
Құрылысты "Корпорация Сити Строй" ЖШС жүргізген. Әкімдік мәліметіне қарағанда тұрғын үйлердің төменгі қабатындағы коммерциялық нысан "Корпорация Сити Строй" мекемесіне тиесілі. Тұрғындардың бірі Е-өтініш порталы арқылы қалалық басқармаға шағымданған. Әкімдіктегілер шағым негізінде тексеру актісін тағайындау үшін сәйкес құжаттарды жинағанын айтады.
"Шағым 23 мамырда тіркелді, ал қарау мерзімі 12 маусымға дейін. Орындалған құрылыс жұмыстарын тексеру нәтижесінде заң бойынша тиісті шаралар қолданылады, оның ішінде тұрғындар көрсеткен және желіде жариялаған ақаулар да қаралады. Құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама басқарма реестрінде тіркелген. Одан бөлек 30 мамырда Шымкент қалалық орта сапасы мен бақылау басқармасы мамандары тұрғындармен кездесіп, оның барысында "Корпорация Сити Строй" өкілдеріне құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы ескерту жасалды. Алайда құрылыс жұмыстары уақытша ғана тоқтап, қайта жалғасқан. Сондықтан 3 маусымда қайтадан тұрғындармен кездесуде сұрақтарға жауап беріліп, "Корпорация Сити Строй" ЖШС жұмысы тоқтатылды", - дейді қалалық әкімдік өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2112750-shymkentte-2020-zhyly-salyngan-kopqabatty-uiding-turgyndary-koshege-shygyp-nege-narazy-ekenin-aitty/