Қостанайда бұрынғы полиция қызметкері әйелін өлтіргені үшін 9 жылға сотталды
Жарияланған күні:
Қостанайда полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының бұрынғы инспекторы жұбайын өлтіргені үшін 9 жылға сотталды. Сот шешіміне сәйкес, ер адам жанжал кезінде әйелін электр ұзартқышпен қылқындырып өлтірген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қылмыстық іс Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушы қылмысын жасыру үшін мәйітті гаражға апарып, марқұмды өзіне қол жұмсағандай етіп көрсетуге тырысқан.
Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес жәбірленушінің өлімі мойынның қысылуына байланысты механикалық асфиксия нәтижесінен болған.
Сотталушы кінәсін мойындап, өкінген. Қорғаушы оған Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігінің санкциясында көзделген төмен жаза тағайындауды сұрады. Ал жәбірленуші тарап сотталушыға қатаң жаза өтінген.
Прокурор айыптау актісінде сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайларды ескертті. Оның айтуынша, күдікті жасаған ісін мойындап, өкінген, кәмелетке толмаған балалары бар, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасауға жәбірленушінің, яғни әйелінің мінез-құлқы себеп болған. Ал антын бұзып құқық бұзушылық жасауы жазаны ауырлататын мән-жай ретінде есептелді.
Аталған жайттарды сот назарға алып, оған 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ "полиция аға лейтенанты" арнайы шенінен айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Автор: Гүлнұр Нұрмағанбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2112693-qostanaida-buryngy-politsiia-qyzmetkeri-aielin-oltirgeni-ushin-9-zhylga-sottaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.