Қаңтар оқиғасы кезіндегі 4 жасар қыздың өлімі: іс қайтадан сотқа жіберілді
Жарияланған күні:
Жоғарғы сот Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде әскери қызметкердің әрекетінен қаза тапқан 4 жасар қыздың өліміне қатысты істі сотқа қайтарды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, әскери қызметкер Арман Жұманға қатысты қылмыстық іс құпия түрде қаралды.
"Кассациялық бақылаудың қорытындысы бойынша төменгі сатыдағы сот актілері күшін жойды, іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберілді", - делінген хабарламада.
Қаңтар оқиғасы кезінде 4 жасар қыздың өлімі
Қайғылы оқиға 2022 жылғы 7 қаңтарда болған еді. Бала құқықтары жөніндегі бұрынғы уәкіл Аружан Саин кешке, сағат 19.00-де Сейфуллин мен Сәтпаев көшелерінің қиылысында әпкелі-сіңлілер отырған көлік оқтың астында қалғанын хабарлады.
4 жасар қыз оқиға орнында жан тапсырған. Ал оның 15 жастағы әпкесі оқ жарақатымен ауруханаға жеткізілген еді.
4 жасар қыздың өліміне қатысты істі Алматы гарнизонының әскери соты қарап жатыр. Алғашқы сот отырысы 2023 жылғы 26 шілдеде өтті. Процесс іс материалдарында жариялауға жатпайтын құпия құжаттар болуына байланысты жабық режимде өтті.
Бұған дейін Бас әскери прокуратура марқұмның әкесі мемлекеттік құпияға қол жеткізуден бас тартқанын хабарлаған. Бас тартудың салдары туралы да ескертілгенін мәлімдеді.
Қаңтар оқиғасы кезіндегі 4 жасар қыздың өліміне қатысты іс бойынша 2023 жылғы қарашада сот шешім шығарып, әскери қызметкер Арман Жұман ақталған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2113404-qangtar-oqigasy-kezindegi-4-zhasar-qyzdyng-olimi-is-qaitadan-sotqa-zhiberildi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.