Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Құрбан айт неліктен 16 маусымға ауыстырылды: Еңбек министрлігі пікір білдірді

Опубликовано:

Құран кітап
Құран кітап. Көрнекі сурет: pixabay.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Құрбан айт мерекесінің бұрын неліктен 17 маусым болғанын және бұл күнге не үшін демалыс берілмейтінін түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"2024 жылға арналған мерекелер мен демалыс күндерінің күнтізбесі жасалғанда ҚМДБ Құрбан айттың 17 маусымда болатынын ресми түрде хабарлады. Бұл жұмыс күні болғандықтан, оны демалыс күні етіп белгілеу жоспарланған болатын.

Ал қазір ҚМДБ Құрбан айт 16 маусымға келеді деп жариялады. Демалыс күндеріне келетін діни мерекелерді басқа күнге ауыстыруға болмайды. Осылайша бұл демалыс күні болғандықтан, басқа күнге ауыстырылмайды", - деді еңбек министрлігінің өкілдері.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы 16 маусым Құрбан айт мерекесінің бірінші күні болып белгіленгенін хабарлаған еді.

ҚМДБ бұған түсініктеме берді. Ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Жаңа айдың (һиләлдың) көрінуімен жаңа ай басталады. Қамари ай кейде 29 не 30 күн болады.

"Егер ауа райы бұлтты болып, ай көрінбесе, зул-қағда айын 30 күнге толықтырады. Осыған орай, 2024 жылы 6 маусымда жаңа айдың көрінуіне байланысты биыл зұлхижжа айы 7 маусымда басталып, арапа 15 маусымға, ал құрбан айт 16 маусымға сай келеді", - делінген ҚМДБ мәлімдемесінде. 

Айта кетейік, кейбір қазақстандықтар қосымша демалыс күніне сапарға шығуды және басқа да шараларды жоспарлап қойған. Олардың кейбіреулері атап өткендей, жоспарларын өзгертуге тура келген, себебі дүйсенбіде әдеттегі кесте бойынша жұмысқа баруға мәжбүр.

Ұшақ билеттерін сатып алған немесе қонақүйден орын брондауға үлгерген қазақстандықтар халықтың шығынын кім өтейді деп дал болды. Біз бұл сұрақтардың барлығын Еңбек министрлігіне жолдадық, олар кейінірек жауап беруге уәде берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2114082-qurban-ait-nelikten-16-mausymga-auystyryldy-engbek-ministrligi-pikir-bildirdi/