Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанай облысында тасқын суда бір апта тұрған үйлер баспана кезегіндегі жандарға берілуі мүмкін (фото, видео)

Жарияланған күні:

Алтынсарин ауылы
Алтынсарин ауылында тасқыннан зақым келген үй. Фото: KAZ.NUR.KZ

Тасқын судан зардап шеккен Қостанай облысы Қостанай ауданы Алтынсарин ауылының тұрғындары әділдік іздеп жүр. Олардың үйі бір апта бойы шатырына дейін суда тұрған. Соған қарамастан арнайы комиссия бұл баспаналар тұруға жарамды, жөндеу жасау қажет деген шешім шығарған. Кейін бұл үйлер мемлекеттік сатып алу арқылы үй кезегінде тұрғандарға берілмек, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Комиссияның мұндай шешімін естіген 13 үй иесінен маза кетті. Олар баспаналары апатты жағдайда тұрғанын дәлелдеп жүр. Еден көктеп, ағаштары шіріген, үйдің ішіндегі көктің иісі қолқаны қабады. Кейін туберкулез, демікпе ауруларын қоздыруы мүмкін. Суға бөккен қызыл кірпіш қабырғалары үгітіліп жатыр.

"Менің ойымша, мында тұруға болмайды. Өйткені құрылысшылардың айтуынша темір бетоннан салынған үйлер жаз бойы кеппесе қыста жарылып кетуі мүмкін. Бетон жарылса, кірпіштен қаланған іргетасы бұзылса, төбесіндегі бетон үстімізге құлауы мүмкін. Мен әкімдіктің не ойлатынын білмеймін" - дейді ауыл тұрғыны Галина Мейірманова.

Бұл үйлердің биыл кебері неғайбыл. Жерде ылғал мол, жаздың алғашқы күндері де жауын-шашынды болды.

"Бұл үйлерді алты рет су басқан. Сыз тартып тұрады. Ал биыл тіпті терезенің жоғары жақтауына дейін ағын суда бір апта тұрды. Едендер құлап жатыр, үйге кірген су көтеріп жіберген. Қабырға, бәрі көгеріп кетті. Мұнда тұруға болмайды. Тыныс алу қиын", - дейді ауыл тұрғыны Гараева Лалханум.

Алтынсарин ауылы
Алтынсарин ауылында тасқыннан зақым келген үй. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ал әкімдіктегілер алған бетінен қайтар емес. Алтынсарин ауданы әкімі Берік Таңжарықов 3 маусымда тұрғындармен кездесіп, келісімге келу жолдарын ұсынған.

"Бүгінде үйлеріңізді мемлекет меншігіне сатып алудың бір ғана заңды жолы бар. Жөндеу жұмысын жасап берейік. Содан соң кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға баспана сатып алуға қаржы бөлінген, сол мақсатқа сіздердің үйлеріңізді мемлекеттік байқау арқылы сатып аламыз", - деді Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықов тұрғындармен кездесуде.

Осылайша әкіммен кездесуден кейін 13 үй иесінің тоғызы жөндеу жасауға көнген. Олар жөндеуден соң үйлерін мемлекеттік баспана қорына сатып жібереміз деген ойда.

"Аудандық әкімдік Алтынсарин ауылы кіретін Мичурино ауылдық округінен баспана кезегінде тұрғандарға 25 үйді мемлекеттік байқау арқылы сатып алуға квота бөлді. Бұл байқауға кез-келген үй иесі қатыса алады. Бәсекелестік ортада шектеу болмайды", - дейді Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Маржан Досқалиева.

Айта кету керек, бұл сыз тартқан баспаналарды мемлекет меншігіне алған соң әкімдік үй кезегінде тұрған мүгедектігі бар жандарға, қандастарға, көпбалалы аналар мен толық емес отбасыларға, әскерилерге таратпақшы. Алайда тұрғындардың біразы бұл сөзге сенбей отыр.

"Олардың мемлекеттік байқау арқылы үйлерімізде әкімдік меншігіне сатып алатынына еш кепілдік жоқ. Өйткені әкімдік үйімізді бұған дейін де сатып аламыз деп алдап кетті. Енді оларға сену қиын", - Галина Мейірманова.

Олар бұдан әрі өз үйлерінің жөндеуге жарамсыз, апатты жағдайда тұрғанын дәлелдеуге тырыспақшы.

Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Маржан Досқалиеваның айтуынша, Алтынсарин ауылында жалпы биылғы тасқыннан 151 нысан бүлінген. Соның төртеуі бизнеске тиесілі болса, қалғаны тұрғын үйлер. Арнайы комиссия соның 74-і апатты жағдайда, 73-і қайта қалпына келтіруге болады деген шешім шығарды.

Апатты жағдайда деп танылған 74 баспана иесінің 53-іне құны 22,8 млн теңгенің пәтері "Аяла" және "Комек kst" қорлары бөлген ақшаға сатып алынған. Ал ауылдан алысқа кетпейміз дегендерге "Қазақстан халқына" қорының қаржысына 21 баспана салынып жатыр. Құрылыс шілде айында аяқталуға тиіс.

Автор: Гүлнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2114694-qostanai-oblysynda-tasqyn-suda-bir-apta-turgan-uiler-baspana-kezegindegi-zhandarga-berilui-mumkin-foto-video/