Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сіздерде бәрі құлдырап жатыр": Аймағамбетов Денсаулық сақтау министрлігін сынады

Опубликовано:

Асхат Аймағамбетов
Асхат Аймағамбетов. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Бүгін мәжіліс комитетінің отырысында Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды емдеу мәселесі талқыланды – депутат Асхат Аймағамбетов Денсаулық сақтау министрлігін сынға алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Отырыс барысында депутат Асхат Аймағамбетов пен денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев арасында дау туындағаны байқалды. Депутаттың Денсаулық сақтау министрлігіне білдірген наразылығының негізгі себептерінің бірі – Қазақстандағы онкологиялық ауруларға шалдыққан адамдарды емдеуге бөлінген бюджетті қысқарту туралы бұйрығы еді.

"Сәуле терапиясынан өтуге арналған құрал-жабдықтарға назар аударсақ, өкінішке қарай, көптеген азамат емдеу шаралары жеткіліксіз болғаннан емес, сәуле аппараттары ескіргендіктен аппараттардың салдарынан сау дене мүшелері күйіп, сау ағзалар зақымдалып, науқастардың өліміне әкеп соғады. Қатерлі ісікке шалдыққан адамдарды емдеуге бөлінетін қаржының 20 пайызға қысқаруы науқастарға қатты әсер етеді.

Оның салдары қандай? Қазақстанда қатерлі ісікпен ауыратын адамдар химиотерапиядан бөлек, өзге де қымбат терапиядан өтеді, ал қабылданған шешім сауығып кету мүмкіндігін төмендетпек... бұл өмір мен өлім мәселесі – бұл азаматтар қаншалықты ұзақ өмір сүріп, қымбат препараттарды тұтына алады", - деді Аймағамбетов.

Ал денсаулық сақтау вице-министрі онкологиялық ауруларға шалдыққан адамдардың бюджетін қысқарту мәселесі мұқият талданғанын айтты.

"Тарифтерді төмендету туралы шешім Денсаулық сақтау министрлігінің алқасында бірауыздан қабылданды, біз бұл шешім стандарттар мен бекітілген клиникалық хаттамалар аясында медициналық көмек алу бойынша шектеулерге әкелмейді деп сендіреміз. Яғни бұл онкологиялық ауруларға шалдыққандарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне әсер етпейді, бұл шешім медициналық ұйымдардың қаржылық-шаруашылық қызметі жан-жақты талданғаннан кейін қабылданды", - деді Тимур Сұлтанғазиев.

Отырыс барысында онкологиялық ауруларға шалдыққандарды емдеу саласындағы мәселеге қатысты көптеген сұрақ туындаған, бірақ вице-министр Сұлтанғазиев сұрақтарға Денсаулық сақтау министрлігінің пайдасына орай жауап беруге тырысқан. Сұлтанғазиев тағы бірқатар сұраққа жауап берген соң, Асхат Аймағамбетов өзін тежей алмады.

"Технологиялар бар (онкологиялық ауруға шалдыққандарды емдеу саласында – ред. ескертпесі), мәселе тек оларды елге енгізуде жатыр: (технологиялардың – ред. ескертпесі) пилоттық түрі енгізілгеніне 1,5 жыл өткені белгілі – бірақ технологиялар енгізілгенімен, нәтиже жоқ.

(...) Біз бұлай ұзақ (дауласып – ред. ескертпесі) отыра аламыз, сіз болсаңыз өзіңізді қорғаштаумен отырсыз, бірақ бізде барлық жеткілікті ақпарат бар. Мен жай ғана әлі (айтуды – ред. ескертпесі) бастаған жоқпын. Сіздерде бәрі құлдырап жатқанын дәлелдейтін жеткілікті ақпараттар бар. Қазір бұл жерде нақты олқылықтар мен деректерді қозғағым келмей отыр, бірақ мүмкіндігінше қысқа да нұсқа жауап беруіңізді өтінемін", - деді депутат.

Еске салайық, таяуда Асхат Аймағамбетов денсаулық сақтау министрінің онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінетін бюджетті қысқарту туралы жаңа бұйрығы туралы пікір білдірген болатын. Ол онкологиялық ауруларды емдеуге бюджеттен бөлінетін ақша денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен орташа есеппен 20 пайызға қысқарғанын мәлімдеді. Бұйрық 2024 жылғы 11 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.

Оның айтуынша, министрлік жалпы қисынға қайшы келетін шешімдер қабылдап жатыр.

Кейін Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері Аймағамбетовтің онкологиялық науқастарды емдеуге арналған бюджет қаражатын қысқарту туралы жарияланымына түсініктеме берген.

Ведомство өкілдері медициналық ұйымдарда медициналық көмек көрсетудің бекітілген стандарттары мен ережелерінің көптеген ережебұзушылықтары, сондай-ақ 18 млрд теңгеден астам сомаға қаржылық заңбұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, биылғы наурызда Аймағамбетов Денсаулық сақтау министрлігінің МӘМС жүйесіне деген көзқарастарын да сынға алған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2114997-sizde-bari-quldyrap-zhatyr-aimagambetov-densaulyq-saqtau-ministrligin-synady/