Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Баспана керек": екі айдан бері мектепті паналаған Нұра ауылының тұрғындары президенттен көмек сұрады (видео)

Жарияланған күні:

Нұра тұрғындары
Нұра тұрғындары. Видеодан кадр: instagram.com/nura__zello/

Ақтөбе облысында көктемгі тасқын кезінде су деңгейі үш метрге жеткен Нұра ауылындағы 95 үй әлі суда тұр. Екі айдан аса уақыт мектепті паналаған нұралықтар биліктен құрылысты тез бастауды талап етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Нұра ауылының тұрғындары мемлекет басшысынан көмек сұрады.

"Қазақстан президенті құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза! Нұра ауылы 14 сәуірде суда қалды. Нұра ауылының тұрғындары толықтай Ырғыз ауданына көшірілді. Жартысы аудан орталығында пәтер жалдап тұрады, қалғаны эвакуациялық пунктте жатыр. Бүгін – 11 маусым. Біз екі айдан бері осы мектепте отырмыз. Әкімдікке бармаған күніміз жоқ. Осы екі ай аралығында бір шешім болмады. Бізге жәрдем беріңіз, біз баспаналы болайық, осы жерде отырудан шаршадық. Сізден жауап күтеміз", - деді эвакуациялық пункт алдында мемлекет басшысынан көмек сұраған Нұра ауылының тұрғындары.

Нұра ауылы
Нұра ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысы әкімдігі баспасөз қызметі өкілінің хабарлауынша, бүгін су тасқынынан зардап шеккен Нұра ауылының тұрғындарымен Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов кездесті.

"Аудан басшысы Нұра ауылына қарасты "Сарыоба" жерінен 75 үй салынатынын жеткізді. Жалпы аудан бойынша 137 үй салынады. Оның ішінде Нұра ауылының "Сарыоба" жерінен - 75, Мамыр ауылынан - 12, аудан орталығынан - 50 үй салынады. Бейсенбі күні мердігер компаниялар Сарыобаға құрылыс материалдарын жеткізеді", - дейді облыс әкімдігі өкілі.

Ырғыз ауданында су тасқынынан қатты залал келген Нұра ауылында 117 үй суға кетті. Қазіргі уақытта 22 үйден ғана су тартылды. Үйлер толығымен жарамсыз деп танылған. Осыған дейін деңгейі үш метрге жеткен су астында қалған ауылдан арнайы репортаж жасалды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2115732-baspana-kerek-eki-aidan-beri-mektepti-panalagan-nura-auylynyng-turgyndary-prezidentten-komek-surady-video/