Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шаршап кеттік": Арыста қарбыз еккен шаруалардың егістігін шегіртке түгін қалдырмай отап жатыр (фото)

Жарияланған күні:

шегіртке
Шегірткелер. Фото: KAZ.NUR.KZ

Түркістан облысы Арыс қаласы Байтоғай ауылында қырықтан астам диқан әрқайсысы алты гектар жерге қарбыз еккен. Ол үшін әр шаруа қалтасынан жеті млн теңге жұмсағанын айтады. Бірақ биыл пайдаға кенелмей, керісінше шығынға баттық дейді. Өйткені он күн бұрын егісітікке шегіртке келіп, шаруалардың екі гектар жерге еккенін жоқ қылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бейнеттің бәрі бекер кетті деген бұқара қалған алқапты қолмен қорып жүр.

"Шығын көп қой бізде. Суды арнайы құрылғы арқылы айдаймыз. Оған тәулігіне 150 литр дизель кетеді. Осы уақытқа дейін егінге 7-8 млн теңге жұмсалды. 4 млн теңге қарызымыз бар. Шаршап кеттік. Бар табысымыз осы. Ауылда жұмыс жоқ. Қыс бойы бос жатамыз. Көктем келсе егінге кірісеміз", - дейді Нұркен Сейсенбек.

Арыс тұрғындары
Арыс шаруалары. Фото: KAZ.NUR.KZ

44 жастағы шаруа Байтоғайға соңғы рет шегіртке сегіз жыл бұрын жауғанын айтады. Негізі шегіртке егін алқабына жыл сайын келеді. Былтыр бұдан екі-үш есе аз болыпты. Биыл екі гектар жердегі егінді жоқ қылған зиянкес қазір қалған аумақта қанат жайып, жайлап алған. Оны шаруалардың бірі қолмен қорыса, шамасы жеткені 200 мың теңгеге улағыш құрылғылар сатып алған. Сөйтіп арқасына асып алып өздері залалсыздандыруға кіріскен.

шегіртке
Шегірткелер. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бұдан қашан құтылатынымызды білмеймін. Шегіртке көбейгенде амалсыз ауыл әкіміне бардық. Сосын облыс әкімдігіне де айттық. Жауаптылар содан кейін ғана көмектесуге келді. Қазір ұшақпен дәрі сеуіп жүр. Бірақ тек түнде ғана. Ал күндіз өзіміз залалсыздандырамыз", - дейді шаруалар.

Айта кетейік, морокко шегірткесі Арыс қаласындағы Байтойғай мен Қожатоғайдағы ғана емес, Келес және Сарыағаш аудандарын да қаптап жүр. Ол жақта да қауын-қарбыз еккен диқандар шаш етектен шығынға батып жатыр. Мамандар сөзінше дернәсілдің бұлай қаптауына тоқтаусыз жауған жаңбыр мен салқын күн әсер еткен.

шегіртке
Шегірткелер. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Біз әзірге қанша гектар алқаптың бүлінгенін білмейміз. Әзірге морокко шегірткесімен күресіп жатырмыз. Әрі кетсе бір аптада тыйылады деген үміттеміз. Шегіртке түнде бір жерге үйіріледі. Сол кезде залалсыздандыруға кірісеміз", - дейді Түркістан облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары Бектас Мұзаппаров.

Күні кеше егінін шегіртке қаптаған Түркістан облысына ауылшаруашылық министрі келіп кетті. Ол шығынға батқан диқандарға өтемақы қарастырылуы мүмкін деп мәлімдеді.

Автор: Назерке Еркінбекқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2115978-arysta-qarbyz-ekken-sharualardyng-egistigin-shegirtke-tugin-qaldyrmai-otap-zhatyr-foto/