Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Хирург жүрегім оң жақта екенін айтты": Қызылорда тұрғыны ерекше жаратылғанын соқыр ішекпен ауруханаға түскенде білген

Жарияланған күні:

Мықтыбай Боранбаев фото
Мықтыбай Боранбаев : Фото: жеке мұрағатынан

Қызылорда облысы Арал ауданында жүрегі оң жақта орналасқан қазақстандық тұрады. 52 жастағы Мықтыбай Боранбаевтың жүрегі оң жақта, ал бауыры сол жақта. Ол бұл туралы 15 жасында соқырішекпен ауруханаға түскен кезде бір-ақ білген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілші.

Сол күнді Мықтыбай Боранбаевтың анасы Шәмшәгүл Сақтапова есіне алды.

"Мықтыбайдың жүрегінің оң жағында орналасқанын бастапқыда білген жоқпыз. Балам ауырып қалған кезде мен жолдасым көз жұмып, қиналып жүрген кезім еді. Арал ауданы Аманөткел ауылында тұратынбыз. Балам соқырішек болып, Арал қаласына кетті. Ота бес сағат жасалды. Оң жақта соқырішекті іздесе, оны таппаған. Ішекті аударып іздеген кезде сол жағында екенін анықтаған. Жүрек оң жақта болғандықтан, бауыры сол жақта, соқырішегі де алмасып түскен екен. Отадан шыққаннан кейін келді. Келген кезде жағдайы жақсарған сияқты болған. Арада 1-1,5 ай уақыт өткенде ішкенін құсып тастап, іші кеуіп кетіп, ауруханаға түсті. Сонымен Қызылордаға барып, ота жасатты. Ол кезде қазіргідей ұялы байланыс жоқ. Мені артынан Қызылордаға ауруханаға барғанда "балаңызды отаға дайындаймыз, сіздің ешқандай көмегіңіздің қажеті жоқ" деп ауылға қайтарды. Арада 15 күн өткенде "ота сәтті жасалды" деген хабар келді. Осылайша Мықтыбайдың 1,5 метр ішегін кесіп тастап, жас күнінде аурудың азабын көп тартты", - дейді Шәмшәгүл Сақтапова.

Мықтыбай Боранбаевтың отбасы
Мықтыбай Боранбаевтың отбасы : Фото: жеке мұрағатынан

Мықтыбай Боранбаевтың бұл күн кешегідей есінде. Айтуынша, бала күнінде деп үш рет ота жасатып, аман қалған.

"Әдетте соқырішек адамның оң жағында болады. Сондықтан дәрігерлік оң жағыма ота жасап, ашқан кезде соқырішектің жоқ екенін білген, ішектерімді аударып, сол жақтан тапқан. Сол кезде ота жасаған хирург жүрегің оң жақта екен деп айтты. Отадан кейін 11 күн ауруханада ем алып, ауылыма қайттым. Арада бір жарым ай өткенде жағдайым нашарлап, тамақ іше алмай, үлкен дәретке бара алмай қалдым. Одан кейін асқазан ішек жолдарынан деп, балалар аурханасына жатып ем алдым. Одан да жағдайым оңала қоймады. Содан кейін хирургия бөлімшесінен хирург келіп, ота жасау керек екенін айтты. Дәрігерлер мен туыстарым кеңесіп, Қызылорда қаласына тікұшақпен алып кетті. Бұл күздің қоңыр салқын кезі еді, қыркүйектің ортасынан ауған шақ. Бір апта дәрілер беріп, ем-шара жасап, операцияға дайындады. Ота ауыр өтті, біраз уақытқа дейін кірпік қағатындай да күшім болмады, бір-екі ауыз сөйлесем, шаршап қалатын едім. 16 күн бойы тамақ іше алмадым. 10 күндей жан сақтау бөлімінде жаттым. Алдыңғы ота кезінде 1,5 м ішегімді кесіп тастаған екен. Содан ішек құрылысым жұмыс істемей, тамақ іше алмай қалғанмын. Бір айдан кейін ішектерді жалғады. Екінші отадан кейін тағы екі аптадай жатып, ауылға келдім. Осыдан кейін жақсы болып кеттім. Мен ем алып жүргенде сыныптастарым тоғызыншы сыныпты оқып, демалысқа шығайын деп жатыр екен", - дейді ол.

Бүгінде Мықтыбай Боранбаев Арал қаласында тұрады. Теміржол саласында еңбек етеді. Жарымен бірге бес бала тәрбиелеп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2118906-hirurg-zhuregim-ong-zhaqta-ekenin-aitty-qyzylorda-turgyny-erekshe-zharatylganyn-soqyrishekpen-auruhanaga-tuskende-bir-aq-bilgen/