Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жамбыл облысында сарбаз комаға түсті: Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады

Жарияланған күні:

Читать на русском
Аурухана аппараты
Аппарат. Көрнекі фото: Рexels.com

Жамбыл облысында мерзімді әскери қызметші комаға түсті. Қорғаныс министрлігі оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомство мәліметінше, 2024 жылғы 9 маусымда Жамбыл облысының Қордай аудандық орталық ауруханасына Гвардейск гарнизонының мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі шұғыл жатқызылған. Бастапқыда өзін әлсіз сезініп, қызуы көтерілген сарбаз Гвардейск гарнизонындағы әскери госпитальдің жұқпалы аурулар бөліміне жеткізілген.

Медициналық тексерулер мен зерттеулер әскери қызметшіден екіжақты полисегментті пневмония анықтады.

"Науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Қазір оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Сонымен бірге ол жерде Қорғаныс министрлігі әскери клиникалық госпиталінің құрамына анестезиолог, реаниматолог және терапевт дәрігерлер кіретін көшпелі бригадасы жұмыс істеп жатыр.

Әскери қызметші емдеу мекемесіне түскен кезде оның денесінен көгерген немесе зақымдану іздері болмағанын атап өту керек", - делінген министрлік хабарламасында.

Мерзімді қызметтегі сарбазға қатысты келісімшарт бойынша әскери қызметші тарапынан билікті асыра пайдалану дерегі бойынша ІІМ Әскери тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Тексеріс жүргізіліп жатыр.

Тергеу мүддесі үшін басқа ақпараттар жария етілмейді. Іс Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің ерекше бақылауында.

Еске сала кетейік, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері комаға түскен сарбаздың жағдайы туралы пікір білдірген еді.

Ведомство мәліметінше, науқас Қордай аудандық орталық ауруханасына 9 маусымда сағат 08:18-де Гвардейск әскери госпиталінен жедел медициналық көмек көрсетілуі үшін "полисегментарлық пневмония" диагнозымен түскен. Жігітке оң жақ плеврит, 3-4 дәрежелі инфекциялық-токсикалық шок, сепсис, органдар жетіспеушілігі синдромы, мидың гипоксиялық ісінуі, 2-3 дәрежелі церебралды кома диагнозы қойылған.

Кейін сарбаздың туыстары видеоүндеу жасап, оқиғаның мән-жайын айтып берген. Кейінірек президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты анасының әлеуметтік желілерде жариялаған үндеуімен танысқаны белгілі болды.

"Мемлекет басшысы болған оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті. Президент Қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды", - деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2119008-zhambyl-oblysynda-sarbaz-komaga-tusti-qorganys-ministrligi-malimdeme-zhasady/