Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бәрімізді улайды": Алматы облысында ауыл тұрғындары алтын өндірушілердің ісіне наразы екенін жеткізді (видео)

Жарияланған күні:

Алматы облысындағы таулы аймақ
Алматы облысындағы таулы аймақ. Видеодан кадр: КТК

Алматы облысындағы екі ауылдың тұрғындары өз аймақтарында алтын өндіруге қарсы. Олардың ойынша, кен өндірісі су мен ауаны улы металдармен улауы мүмкін, деп хабарлайды КТК телеарнасының сайты.

Телеарнаның хабарлауынша, жеке кәсіпкер Алматы облысында кен орнын игермек болған. Алайда екі ауылдың тұрғындары елді мекен маңынан алтын өндіруге қарсы екенін мәлімдеген. Ауыл тұрғындары ауыз су мен таза ауадан айырылып қалуымыз мүмкін деп қауіптенеді.

"Олар алтын өндіргісі келеді, бірақ бұл жерде ауыр металл – кадмий бар, ол өкпе мен бүйрекке зиян келтіреді. Бұл жерде бізде өзен бар, одан алты ауыл тұрғындары су ішеді, мал суарады. Бұл жеке кәсіпкерлер бәрімізді улайды", - дейді жергілікті тұрғындардың бірі.

Қастек ауылы Алматыдан 100 шақырым жерде, Іле Алатауының маңында, Қырғызстанмен шекаралас жерде орналасқан. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кәсіпкер кен орнын игеруге лицензия алған. Аймақта алтын, күміс, сондай-ақ мырыш және кадмий сияқты асыл металдар бар.

Кен орындарын барлау 20 жыл бұрын басталған. Мамандар шахталарды бұрғылаған. Бірақ көп ұзамай жұмыс тоқтап қалған. Енді таулы аймаққа өзге кәсіпкерлер қызығушылық танытып отыр. Дәл осы жерден 350 гектар аумақта алтын өндіру жоспарланып отыр.

Кәсіпкерлер ауылдан небәрі 20 шақырым жердегі алтын кен орнына барлау жұмыстарын жүргізгісі келеді. Жергілікті тұрғындар алтын өндіруге үзілді-кесілді қарсы. Бұл жерде бұрғылау-жару жұмыстарын жүргізуге болмайды, дейді байырғы тұрғындар. Елді мекен 10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқандықтан, адамдар жойқын жер сілкінісінен қорқады.

"Бұл аумақ Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің құрамына кіреді. Біздің ауыл 10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Бұл жерді бұрғылауға болмайды. Бұл өте қауіпті. Оған қоса алтын өндірісінің жергілікті тұрғындардың денсаулығына қалай әсер ететінін білмейміз", - дейді аймақтың тағы бір тұрғыны.

Ауыл шенеуніктері тұрғындармен кездесті. Әкімдік өкілдері кәсіпкердің кен орындарын барлауға лицензиясы бар екенін растап, биліктегілер халықты тыныштандыруға асықты: жұмысқа кіріспес бұрын ауылда қоғамдық тыңдаулар өтетінін айтты.

"Біз алтын өндіру мәселесін жергілікті тұрғындармен келісеміз. Соңғы шешім қоғамдық тыңдаулардан кейін қабылданады. Мамандар адамдарға кен орындарын барлаудың қандай пайдасы мен зияны бар екенін түсіндіреді. Егер халық жұмысқа қарсы болса, жеке кәсіпкерлер карьер қазбайды", - деп атап өтті Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Тұматаев.

Тұрғындар шешімінен қайтпауға бекініп отыр. Олар аймаққа ешкімді кіргізбейтінін мәлімдеді. Ауыл тұрғындары қоғамдық тыңдауларда да өз ұстанымдарын қорғауға ниетті.

Дереккөз: КТК

Еске салсақ, қаңтар айының соңында Түркістан облысының Түлкібас ауданында ашулы ауыл тұрғындары алтын кен орындарын барлаумен айналысатын компанияның жұмысын тоқтатуға қол жеткізген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2121432-barimizdi-ulaidy-almaty-oblysynda-auyl-turgyndary-altyn-ondirushilerding-isine-narazy-ekenin-zhetkizdi-video/