Ақтөбе облысында тасқыннан кейін астаң-кестеңі шыққан ауылдың бүгінгі көрінісі қандай (фото)
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында Шығанақ Берсиев ауылдық округі Қаратал ауылының тұрғындары 40 градус ыстықта әскери күрке мен киіз үйді паналап отыр. Қараталдағы құрылыс жұмыстарының баяулығы ауыл халқын алаңдатады. KAZ.NUR.KZ тілшісі ауылдың бүгінгі көрінісінен арнайы репортаж дайындады.
Қаратал – Ақтөбе облысында көктемгі төтенше жағдай кезінде тұтастай суға кеткен ауылдардың бірі. Ауыл Ойылдан 25 шақырым жерде жатыр. Тасқыннан кейін Қаратал ауылындағы 236 үйдің 98 пайызы жарамсыз деп танылды. Ал 19 үйге жөндеу жұмыстары үшін өтемақы төленген.
Қазір ауыл жаңадан салынып жатыр. Тасқын салдарынан ауылдағы клуб, балабақша мен кітапхана апатты жағдайда деп танылды. Әлеуметтік нысандардың жаңа жобасы дайындалып жатыр. Ал ауыл мектебі мен амбулаториялық пунктте жөндеу жұмыстары жүреді. Жаңа жоба бойынша ауылда 134 үй салынуға тиіс.
Уайым мен үміт
Ауылға кіргеннен-ақ үйілген қоқыстан көз сүрінеді. Ауыл әкімінің айтуынша, бұл азайғаны екен. Осыған дейін қора-қопсының үйіндісін шығару үшін ауыр техникалар 900-ден аса рейс жасаған.
Ауыл тұрғындарында уайым да, үміт те бар. Бір жағынан құрылыс уақытында аяқталама деген уайым мазаласа, екінші жағынан жаңа әдемі үйлермен ауыл түгелдей жаңарып, еңсесін түзейді деген үмітпен күтіп жүр. Ауыл тұрғындарының арасында әлі күнге үй салдыру немесе аудан орталығына көшу туралы шешімді нақты қабылдай алмай отырғандар да жоқ емес.
"Сегіз немерем бар. Балаларым аудан орталығында пәтер жалдап тұрады. Сегізінші бала жақында дүниеге келді. Қырқынан шыққан жоқ. Ауылда үйіміздің орнына жаңа баспананың іргетасын құйып қойды. Бірақ білмейміз. Аудан орталығынан да үй қарап жатырмыз. Үй алуға жақында арыз жаздық. Қазір біреудің дүкенін паналап отырмыз", - деді Қаратал ауылының тұрғыны Дина Дәулетова.
Ауылда су шайып кеткеннен кейін жарамсыз деп танылған үйін осы уақытқа дейін пайдаланғандар да бар.
"Осы ауылда өстім, өндім. Кешегі тасқын кезінде де ауылдан кетпедік. Мал бар. Аулада шөптің үстінде жаттық. Су екі-үш күнде қайтты. Елдің ішінде келген қиындықты бірге көріп отырмыз. Бізге жақында ғана киіз үй берді. Оған дейін осы бұзылған үйде жаттық. Ініміз екеуміз астымызға есіктерді қойып, қираған үйіміздің бір бұрышын паналап келдік. Киіз үй берілген соң үйді бұзып жатырмыз. Біздің аулаға құрылысшылар енді келіп жатыр", - деді ауыл тұрғыны Қазыбек Ахметов.
Қаратал ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Шауменовтың айтуынша, ауылда қазір 170 киіз үй тігіліп тұр. Оның 50-і демеушілікпен, қалған 120-сы бюджет есебінен алынған. Әр аулаға бір киіз үйден берілген.
Ауылда аудан орталығынан үй алып, әлі көшпей киіз үй сұрап жүргендер жоқ емес.
"Осы ауылда туып-өскен адаммын. Көктемде бұрын-соңды болмаған тасқынның астында қалдық. Абырой болғанда су күндіз келіп, адамдар аман. Ауыр күндер өтті. Қиыншылықты ел боп көтердік. Қазір құрылыс жұмыстары басталғандықтан халықтың көңілі жай тапты. Барлық көмекті алып жатырмыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінен көмек келді. Не ішемін деген әңгіме болған жоқ. Өз таңдауымызбен аудан орталығынан үй алдық. Қазір ескі үйімді өзім бұзып жатырмын. Материалдарын пайдаланғым келеді", - деді Қаратал тұрғыны Ақнияз Кенжебаев.
Тасқыннан кейін денсаулығына шағым айтатындар көбейген
Қаратал ауылындағы амбулаторияның медбикесі Айша Қожанова да тасқыннан зардап шеккен ауыл тұрғындарының бірі. Медбике ауыл тұрғындарының денсаулығына алаңдайды.
"Ауыл тұрғындары денсаулығына көп шағым айтады. Шаршап жүр. Көктемде су кешті, ылғалда жүрді. 40 градус ыстықта жаңа үйді күтіп отырмыз. Үкіметтен, халықтан жәрдем келіп жатыр. Бірақ күйзеліске түсіп, шаршап жүргендер аз емес. Үлкен кісілер, балалар қаралып жүр. Үйлердің құрылысы баяу. Уайым бар, жай қалып қоя ма деген қорқыныш бар. Өзіміз де сарайдың құрылысын бастап кеттік. Мұның бәрі уақытша қиындық боп қалып, бәрі жақсы болады деген үміт бар", - деді ауыл медбикесі Айша Қожанова.
Бір ауылды 10 құрылыс компаниясы салады
Қаратал ауылында 130-дан аса үйді салуға 10 мердігер компания жұмылдырылған. Алды құрылыс жұмыстарын бір ай бұрын бастады. Құрылыс компаниялары облыс орталығынан 260 шақырым қашықтықта жатқан ауылға құрылыс материалдарын жеткізу қиындығын айтты.
"Қиындық - жолдың ұзақтығы. Құрылыс материалдарын жеткізу уақыт алады. Құрылыс материалдарын тиеген жүк көлігі таңертең шықса түнде немесе ертеңгі күні бір-ақ жетеді. Барынша тез әрі сапалы бітіруге күш саламыз. Алғашында бізге бес үй берілді. Он күнде үйдің қабырғасын көтердік. Тағы бес үй беріп жатыр. Барлық материалға тапсырыс бердік. Белгіленген мерзімге бітіреміз. Бес үйді 25 адам салып жатыр", - деді құрылыс компаниясының басшысы Бауыржан Нұрғалиев.
Кей құрылыс компаниялары жұмысшы ретінде ауыл тұрғындарын алған.
"Басында 10 үй алдық. Үш отбасы аудан орталығынан үй алып, көшіп кетті. Сондықтан жеті үйдің құрылысын салып жатырмыз. Материал уақытылы жеткізіліп отыр. 20 адам жеті үйді салып жатыр. Берілген уақытқа дейін аяқтаймыз. Тасымал қиындық туғызады. Басқа мәселе жоқ. Аспаз, көмекші ретінде ауыл тұрғындарын да жұмысқа алып жатырмыз", - деді "ГТА Сервис" ЖШС директоры Роллан Қаңтарбаев.
Әр құрылысты аралап жүрген ауыл әкімі мердігерлерге барынша жауапкершілікпен қарауды тапсырып жүр.
Ауыл әкімі: Елдің түкпір-түкпірінен көмек келді
Қаратал ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Шауменовтың айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен ауылға көмек шексіз болған.
"Көмек көп келді. Қаржылық көмек те аз болмады. Бір үйге 500 мың теңгеден беріп кеткендер болды. Жамбыл облысының Жуалы ауданынан келгендер 12 үйге 500 мың теңгеден беріп кетті. Тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға бөліп бердік. Елдің түкпір-түкпірінен көмек көрсетті. Өзіміздің Қарғалы ауданындағы "Степное" шаруа қожалығы 150 қой, 45 бас ірі-қара әкеп берді. Қайырымдылық ретінде халыққа таратылды. Осал топтағы отбасыларға ірі қара, қалғанына қой бердік. Ешкімді ренжітпей бөліп жатырмыз. Өнер жұлдыздары әкелген екі вагонда төрт отбасы тұрып жатыр", - деді ауыл әкімі.
Қаратал ауылы қазір газсыз отыр. Ойыл өзенінің астынан өтіп жатқан газ құбырына тасқын кезінде сеңнен зақым келген. Аудан әкімдігінің мәліметінше, бүлінген құбырды қалпына келтіру жұмыстары қыркүйекке дейін аяқталады.
Ауылда өткен жылы ғана пайдалануға берілген ауданмен арадағы жол тасқын кезінде кілемше қозғалып кеткен. Кезінде 3,2 млрд теңге жұмсалған жол қайтадан жөндеуді қажет етіп тұр. Аудан әкімдігі жол жөндеу жұмыстарын келесі жылға қалдыратынын айтты. Биыл тек жолдың жырылған жерлері қалпына келтіріледі. Ауылдан ауыр техникалар шығып, құрылыс жұмыстары аяқталған соң ғана жол жөндеу жұмыстары басталады.
1964 жылы салынған ауыл мектебі апатты деп танылмаған. 2011 жылы жөндеу жүрген білім ордасына газ тартылып, ағаш едені мен есіктері ауыстырылады. Ауылды түгел су басқан кезде халыққа пана болған мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткен.
"Ауылдағы мектеп пен интернат толықтай күрделі жөндеуден өтеді. Мектеп ішіне су кірмеді, бірақ жертөле су болды. Ылғал мол болғандықтан әлі толық кепкен жоқ. Мектепте "Ақтөбе Строй Эксперт" компаниясы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Қабырғасы қырылады. Ағаш еденнің бәрі алынды. Ылғалдан бүлінген қабырғалар бұзылды. 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі", - деді Қаратал ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Шауменов.
Ойыл ауданы бойынша көктемгі су тасқыны кезінде 328 үй суда қалды. Қазір бәрінде қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Соның ішінде 21 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. 93 отбасы өз таңдауымен дайын баспанаға көшті. Ойыл ауданы әкімінің айтуынша, мұнда барлығы 175 үй салынады. Оның ішінде – Қараталда 131 үй, Ақкемерде 16 үй, Ойылдың өзінде 19 үй, Кемерде 2 үй, Бестамақта екі үй, Ақжарда бес үй.
"Қазір бәрінде құрылыс жұмыстары басталды. Құрылысты тамыз айында толық аяқтаймыз. Қиын боп тұр. Бірақ тамызда халықты жаңа баспанаға кіргіземіз", - деді Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев.
Еске салсақ, 29 наурызда Ойыл ауданының бірнеше ауылы тасқын астында қалып, Ойыл ауданында төтенше жағдай жарияланды.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2121645-aqtobe-oblysynda-tasqynnan-keiin-astang-kestengi-shyqqan-auyldyng-bugingi-korinisi-qandai-foto/