Тоқаев Киевте Қазақстан азаматына жасалған қастандықты тергеу амалдарын жіті бақылап отыр
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа жасалған шабуылды тергеу барысын жіті бақылап отыр. Бұл жөнінде президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Мемлекет басшысы Киевте Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа қатысты тергеу амалдарын жіті бақылап отыр.
Президенттің тапсырмасына сәйкес Қазақстанның құқық қорғау органдары қылмыстық істің мән-жайын анықтау үшін шұғыл шаралар жүргізіп жатыр. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына күдіктілердің қазіргі мекенжайын анықтап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды", - деп жазды Берік Уәли Facebook желісіндегі парақшасында.
Уәли атап өткендей, Қазақстан тарабы Украинаның құқық қорғау құрылымдарымен, оның ішінде Интерпол жүйесі бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайын.
Еске сала кетейік, 18 маусымда Украинада Қазақстан азаматына қастандық жасалғаны хабарланған еді. Сотқа дейінгі тергеу басталды.
Украина Бас прокуратурасының мәліметінше, жәбірленуші мен оның жұбайы (ол да журналист) 2014 жылдан бері Украинада тұрады және босқын мәртебесіне ие. Қазір ер адам ауыр халде ауруханада жатыр.
Кейінірек Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте қазақстандық журналиске жасалған шабуылға қатысты пікір білдіріп, "Қазақстанның ресми органдары шындықты анықтауға көмектесу үшін тергеуге қосылуға дайын" деді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2121678-toqaev-kievte-qazaqstan-azamatyna-zhasalgan-qastandyqty-tergeu-amaldaryn-zhiti-baqylap-otyr/