Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақстан билігіне оның не қажеті бар": Бәпи журналист Айдос Садықовқа жасалған қастандық туралы айтты

Жарияланған күні:

Ермұрат Бәпи
Депутат Ермұрат Бәпи. Скриншот: t.me/mazhilis_kz

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи парламент отырысынан кейін журналистердің Айдос Садықовқа жасалған шабуыл туралы сұрағына жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Депутаттың сөзінше, қастандық жасау Қазақстан билігіне қажет емес. Ол мұны үшінші күштер ұйымдастыруы мүмкін екенін айтады.

"Айдос және Наталья Садықовтарға қастандық жасау өте өкінішті жағдай. Біз олармен жақсы қарым-қатынаста болдық. Олар – кәсіби журналистер. Кім жасады дегенге қатысты біздің кейбір интернет ресурстарда осы оқиғаның артында Қазақстан билігі тұр деген нәрсе жазылды. Бұлай деп айту – топастық. Қазақстан билігіне оның не қажеті бар? Логикаға сыймайды. Бұл жерде ескі Қазақстанның өкілдері немесе үшінші күштер болуы мүмкін", - деді депутат.

Сондай-ақ ол жақын күндері Бас прокуратура үндеу жараиялайтынын мәлімдеді.

"Президент істі бақылауына алды, тергеу жүріп жатыр. Алып ұшып жорамал жасамай тұра тұрайық. Бір-екі күннің ішінде Бас прокуратура өзінің пікірін білдіреді деп ойлаймын", - деді Бәпи.

Киевте журналист Айдос Садықовқа жасалған шабуыл

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық БАҚ 18 маусымда Киевте тұратын қазақстандық белсенді, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты белгісіз біреу атып кеткенін жазған еді.

Бас прокуратура Садықовтың "ауруханада жатқанын, жағдайы ауыр екенін" хабарлады.

Украина Бас прокуратурасының мәліметінше, жәбірленуші мен оның жұбайы 2014 жылдан бері Украинада тұрады және босқын мәртебесін алған.

19 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте Қазақстан журналисіне жасалған қастандық әрекетке пікір білдіріп, Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін жеткізді.

Кейін Ішкі істер министрлігі журналиске қастандық жасады деген күдіктілерге қатысты ақпарат берді.

Сонымен қатар президенттің баспасөз хатшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа жасалған шабуылды тергеу барысын жіті бақылап отырғанын хабарлады.

Одан бөлек, еліміздің Бас прокуратурасы Киевте журналиске қастандық жасау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2121747-qazaqstan-biligine-onyng-ne-qazheti-bar-bapi-zhurnalist-aidos-sadyqovqa-zhasalgan-qastandyq-turaly-aitty/