Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қажет болса төтенше жағдай жариялаймыз": Қостанайда қала тазалығына жауапты компания басшысы ескерту алды

Опубликовано:

қоқыс
Қоқыс тастайтын орын. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қостанай қаласында қоқыстардың уақытылы жиналмауына байланысты Төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Бұл туралы әкімдіктің аппарат жиналысында қала басшысы Марат Жүндібаев айтты. Ол тіпті компания басшысын қылмыстық жауапкершілікке тарту жолдарын да қарастырмақшы, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қостанайда қоқыс салатын контейнерлердің уақытылы тазаланбауы осы қыста жаңа жыл мерекесінен кейін басталды. Сол кезде әкім орынбасары Алмат Исмағұлов бәрін ауа райынан көрген еді.

"Желтоқсан айының соңғы жартысында жаңбыр жауып, арты аязға ұласты. Бұл техниканың қозғалысына кері әсер етіп, жұмыс кестесі бұзылды. Тұрғындар шағымы көбейіп кеткенін мойындаймыз. Қаңтарда борандатып, қалың қар түсті. Жолдар тазартылмай техника аулаларға кіре алмай жатыр", - деген сол кезде қала әкімінің орынбасары Алмат Исмағұлов.

Қыс өтті, жаз келді. Қоқыстар әлі солай уақытылы жиналмайды. Контейнерлердің іші-сырты түгілі жан-жағына дейін төгіліп-шашылып жатыр. 30 градус ыстықта сасып, қаланың санитарлық-эпидемологиялық ахауалына кері әсерін тигізіп отыр. Бұлай жалғаса берсе қоқыс алаңдары жұқпалы аурулардың ошағына айналуы мүмкін дейді мамандар. Міндетін дұрыс атқара алмай отырған "Тазалық 2012" жекеменшік компаниясының басшысы Александр Кушнирге қала әкімі Марат Жүндібаев "жыл басынан бері ескерту жасап келеміз, енді сөзден іске көшетін кез жетті" деп шүйлікті. Тұрғындардың денсаулығына зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту жолдарын ойластырмақшы. Бұл туралы ол әкімдіктің аппарат жиналысында жариялады.

"Сізге ("Тазалық 2012" ЖШС директоры Кушнирге - ред. ескертпесі) қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде ескерту жасайды. Содан соң штаб құрып, қажет болса қалада Төтенше жағдай жариялаймыз. Сізге барлық шараны қолданамыз. Басты мақсатымыз сізден компанияны тартып алу емес, дұрыс жұмыс істеуді қамтамасыз ету", - деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

"Тазалық 2012" ЖШС директоры Александр Кушнир қала әкімі қандай шешім қабылдаса да келісетінін айтып, кінәсін мойындағандай болды.

қоқыс
Қоқыс тастайтын орын. Фото: KAZ.NUR.KZ

Кейін облыс орталығының тазалығына жауапты кәсіпорын басшысы Александр Кушнирмен мән-жайды түсіндірді. Оның айтуынша, қаланың қалдыққа көмілуінің бірнеше себебі бар. Алдымен арзан тариф коммуналдық компанияны құрдымға әкетіп барады. 2021 жылдан бері тариф өзгермеген, бір адамға 425 теңгеден есептеледі. Сондай-ақ қала тұрғындарының бестен бірі бұл кәсіпорынның қызметін тегін пайдаланып отырған көрінеді. Қостанай қалалық әкімдігінің мәліметінше облыс орталығында 269 мың адам тіркеуде тұр. Ал қоқыс шығаруға 220 мың адамға келісімшарт жасалған. Яғни 59 мың адамның тұрмыстық қалдығын тегін әкетіп, шығынға батыпты. Ең бастысы маман тапшылығы екен.

"Бүгінде компанияда 15 көлік жүргізушісі тапшы. Олардың бәрін бір күнде қабылдауымыз қажет. Бұған қоса біздің кәсіпорында 12 зейнеткер жүргізуші болып істеп жүр. Олар денсаулығына байланысты не жұмыс істегісі келмесе қазір-ақ кетіп қала алады", - дейді Александр Кушнир.

Ал қала басшылығы компанияның мәселесін шешуге қолдан келгеннің бәрін жасадық деп отыр. Жеңілдетілген несие арқылы үш техника мен 500 контейнер сатып алуға көмек берген. Қоқысын тегін тасытып жүрген 29 мың адамның тізімін беріп, келісімшартқа отырғызу арқылы компания табысын молайтқан. Сол қосымша қаржыға жүргізушілердің еңбекақысын көтеріп, жоғары жалақыға мамандар тартса болар еді, дейді шенділер.

"Өкінішке қарай, "Тазалық-2012" компаниясы тарапынан ешқандай алға жылжу болмады. Біз енді полицияны қосып, айыппұл салып, жазалау шараларына көштік. Қоқыс өте көп жиналған алаңдар бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз", -дейді Қостанай қаласы әкімдігінің ТКШ бөлім басшысының орынбасары.

Бүгінде компанияны төрт рет әкімшілік жауапкершілікке тартып, 738 мың теңге айыппұл салған. Жалпы жергілікті билік сөзін өткізе алмай отырған осы кәсіпорын 2018 жылға дейін мемлекеттік коммуналдық мекемесі болған. Кәсіпорынды әкімдік 6 жыл бұрын "Тазалық 2012" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 10 жылда сатып алу құқығымен, сенімгерлік басқаруға берген. Алдағы күндері қала қоқыста тазаланбаса қала әкімі компанияға өзінің сенгімгерлік өкілін тағайындамақшы.

Автор: Гүлнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2123835-qazhet-bolsa-totenshe-zhagdai-zhariialaimyz-qostanaida-qala-tazalygyna-zhauapty-kompaniia-basshysy-eskertu-aldy/