Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде вандалдар ашылып үлгермеген авиатехника мұражайының тас-талқанын шығарған (видео)

Опубликовано:

Мұражай саябағындағы ұшақ
Мұражай саябағындағы ұшақ. Видеодан кадр: astanatv.kz

Ақтөбеде белгісіз адамдар әлі ашылып үлгермеген ашық аспан астындағы авиациялық техника мұражай саябағын бүлдіріп тастаған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Astana TV арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Телеарна ақпараты бойынша, Ақтөбеде вандалдар әлі тіпті ресми түрде ашылып үлгермеген ашық аспан астындағы әуе кемелері мұражай саябағын бүлдіріп тастаған.

Телеарна тілшілерінің айтуынша, саябақ мұражайы былтыр ашылуға тиіс еді. Мұражай саябақта бір ғасырлық тарихы бар он әуе кемесі қойылған. Оның ішінде жойғыш ұшақтар, жолаушылар ұшақтары мен бір тікұшақ бар. Былтыр саябақта күрделі жөндеу жүргізіліп, әуе кемелерінің барлығы қайта қалпына келтірілген.

Алайда жергілікті әкімдік сенімсіз мердігермен соттасып жатқанша, вандалдар ашық аспан астындағы мұражай экспонаттарын бүлдіріп жатыр.

Вандалдар ұшақтарға түрлі жазулар жазып, иллюминаторларын сындырып кеткен. Ал ұшақтардың іші қоқысқа толып, қараусыз жатыр. Ашық аспан астындағы саябақта күзет те, бейнебақылау камералары да орнатылмаған, салдарынан мұражай иелері тарихи техникаларға зақым келтіргендерге қарсы ешқандай шара қолдана алмайды.

"Былтыр реставрация, ремонт жасады. Камера қоймаса да күзет қою керек", "Енді ұшақтарды осындай күйде сындырмай бүлдірмей, ластамай қоқыс тастамай ұстаса жақсы.", "Ата-аналары қарау керек қой балаларына. Тәрбие үйден басталады. Тәрбие беріп, бүлдіртпеу керек. Қаламыздың сәні осы", - деп пікір білдірді жергілікті тұрғындар.

Сондай-ақ телеарна мәліметіне сүйенсек, бұған дейін саябақ аумағы әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына тиесілі болған. Бірақ 2 жыл бұрын саябақ әкімдіктің балансына өткен.

Қала басшылығы аумақты абаттандыруды және ашық аспан астындағы мұражай құруды көздеген. Жоспарланған жұмыстар былтыр жыл соңында аяқталуға тиіс еді. Бірақ мердігер өз міндеттемелерін орындамаған.

"Мердігер мекеме жұмыстарды толық аяқтамай отыр. Соның ішінде өздеріңіз көрдіңіздер абаттандыру бар, жаяу жүргінші жолдары бар. Қазіргі таңда жұмыстардың толық орындалмауына байланысты хабарлама жіберіп отырмыз. Алдағы уақытта бұл мекемені сотқа береміз", - деді қалалық ТҮКШ бөлімінің жауапты маманы Талғат Наурызов.

Бұл саябақтың ресми түрде қашан ашылатыны әзірге белгісіз. Ал сынған, бүлінген ұшақтарға келсек, қазір оларды ретке келтіру үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен әуе институтының қызметкерлері бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2124801-aqtobede-vandaldar-ashylyp-ulgermegen-aviatehnika-murazhaiynyng-tas-talqanyn-shygargan-video/