"Әйелдің мінезіне көне алмаған шығар": Дулат Исабеков экс-министр Бишімбаев туралы ойын айтты
Жарияланған күні:
Танымал жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек ері Дулат Исабеков әйелін өлтіргені үшін түрмеге тоғытылған Қуандық Бишімбаевқа қатысты пікір білдірді. Ол Kultobe podcast Youtube жобасына берген сұқбатында экс-министрдің жауыздығын түсіне алмағанын алға тартты.
Жазушы сұқбат барысында экс-министрдің әрекетіне не себеп болғанын түсіндірді. Оның сөзінше, Қуандық Бишімбаев өмірде ешқашан таршылық көрмеген. Ал бұл оның жағымсыз мінез-құлқының қалыптасуына айтарлықтай әсер еткен.
"Достаевскийдің "Бір адамның бойында ізгілік пен жауыздық қатар отырады" дегені осы. Қанша қызметте жүрсе де, сондай тәрбиеден шыққан баланың қанды қылмысқа неге барғанына әлі өзім қорытынды жасап, топшылай алмай жүрмін.
Неге олай болды? Әлде кішкентайынан ешқашан қарны ашып, тамақ ішіп көрмеген, еш уақытта киімі тозып, жаңа киім сатып алмаған, ішкені алдында, ішпегені артында, не тілесе де, бәрі алақанына келіп түсіп тұратын бала өсе келе, "Менікі ғана дұрыс, менің айтқаныма көнбеген адам – жау" деген сияқты ұғымда тәрбиеленген болуы керек", - деді ол.
Дулат Исабеков экс-министрдің өмірі осымен бітті деп есептейді. Ол отбасындағы ұрыс-керіске шыдай алмаған ерлі-зайыптылар ажырасқаны дұрыс деген пікірде.
"Министр болып отырған адамның өз әйелін осыншалықты қанды жауыздықпен өлтіргенін түсінбеймін. Кішкентайынан өмірдің сәттілігін, байлығын ғана көріп өскеннен кейін әйелдің кейбір мінезіне көне алмаған да шығар. Біз ол жағын біле бермейміз.
Екеуі жараспаса, неге ажыраса салмады? Неге кісіні өлтіруге болады? Әр отбасында бір кикілжің болмай тұрмайды. Сондықтан болмай бара жатса, ажырасып, екеуі екі жаққа кетуі керек. Енді 24 жылға сотталды, әйелінің де өмірін құртты. Өзінің де өмірі осымен бітті", - деді Дулат Исабеков.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2127147-aielding-minezine-kone-almagan-shygar-dulat-isabekov-eks-ministr-bishimbaev-turaly-oiyn-aitty/