Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бишімбаев пен Байжановтың апелляциясы: сот шешімі шықты

Опубликовано:

Бишімбаев ісіндегі апелляциялық сотының судьялары
Бишімбаев ісіндегі апелляциялық сотының судьялары. Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі

Астанада Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың апелляциялық шағымы бойынша сот отырысы аяқталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Төрағалық етуші судья бірінші инстанциядағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Жоғарғы соттағылардың түсіндіруінше, Қылмыстық-процестік кодекстің 68-тарауына сәйкес, апелляциялық тәртіпте алқабилер алқасының қатысуымен шығарылған үкім тек процестік бұзушылықтар бойынша қайта қаралуы мүмкін. Алайда апелляциялық сатыда іс бойынша мұндай негіздер анықталмаған.

Алқабилер құрамын, сұрақтар тізімін құру кезінде, сондай-ақ қылмыстық іс бойынша үкімнің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеп соққан қылмыстық-процестік заңнамасын елеулі заңбұзушылықтар анықталған жоқ.

Апелляциялық сатының 2024 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен үкім өзгеріссіз қалды. Осылайша сот актісі заңды күшіне енді.

Айта кетейік, 10 маусымда Астана сотына Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі бойынша апелляциялық шағым түсті.

Өтініш берушілер:

  • Бақытжан Байжановты іс-әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды;
  • Қуандық Бишімбаевтың Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша айыптау бөлігіндегі үкімін (аса қатыгездікпен кісі өлтіру) Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігіне (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) қайта саралап, өзгертілген біліктілікке сәйкес жазаны азайтуды, сондай-ақ істі жаңа қарауға жібере отырып, үкімнің күшін жоюды сұрады.

Осыған дейін Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина Қуандық Бишімбаевқа қатысты апелляция бір айға созылатынын айтты.

Бүгін, 26 маусымда елордалық сотта Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі бойынша апелляциялық шағымды қарау басталды.

Экс-министрдің адвокаттары отырыста осыған дейінгі сот процесінде заң бұзылғанын айтып, алқабилердің тегін жария етті.

Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов ісі

Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-дағы арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД өкілдері күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Сонымен бірге оның туыс інісі Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды және қылмыс туралы хабарламады деген күдікпен құрықталды.

Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты басты сот отырысы 27 наурызда басталды. Сот процесі ашық режимде өтті, ол Жоғарғы соттың YouTube желісіндегі парақшасында онлайн көрсетілді.

13 мамыр күні сот үкімімен Қуандық Бишімбаев 24 жылға, ал Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Алқабилер алқасының үкімімен:

  • Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы, Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 5) тармағымен кінәлі деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған;
  • Байжанов Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2124483-bishimbaev-pen-baizhanovtyng-apelliatsiiasy-sot-sheshimi-shyqty/