Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"350 гектар бидай алқабы қара тақырға айналды": шегірткеден зиян шеккен қостанайлық шаруа жанайқайын айтты

Жарияланған күні:

шаруа
Шаруа қожалығының иесі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қостанай облысында күтпеген жағдай. Мамандар үйірлі шегірткеден қауіп келеді деп бар күшін сонда жұмсап жатқанда, саяқ зиянкестер егістікті жеп барады. Шағын шаруа қожалықтың өзі 35 млн теңге шығын шеккен. Мәселенің мән-жайын KAZ.NUR.KZ тілшісі анықтады.

Қостанай облысындағы егіс алқабының көлемі биыл 4 млн гектардан асады. Мамыр айында сепкен дән бүршік жарып, бидайдың сабағы 10-15 сантиметрге көтеріліп қалды. Диқандар бүгінде осы өскінді шегірткеден қалай қорғарын білмей дал.

Наурызым ауданындағы Сергей Третьяк басқаратын шаруа қожалығы биыл 3000 гектар алқапқа дән сепкен. Соның 350 гектары шегірткеге жем болды. Зиянкестер бидай сабағының тұқылын да қалдырмапты. Жап-жасыл алқап жарты күнде қара жерге айналған.

егіс алқабы
Егіс алқабы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Газет бетін ашсаң, теледидарды қоссаң, телефонға көз салсаң, барлық ақпарат көзі облыста шегірткемен күрес сәтті жүріп жатыр деп жариялайды. Ал сол жұмыстың қандай нәтиже бергенін осы жерден-ақ көруге болады. Жайқалып шыққан 400 гектар бидай алқабының 350-і қара тақырға айналды. 350 гектар алқаптан 35 млн теңге шығын шектік. Бұл жұмысшылардың біржылдық еңбекақысы. Сонымен қатар әлеуметтік жобаларға қатысып, ауданға көмек-қолдау көрсетіп отыратынбыз. Сол ақша шегірткеге жем болды деп есептесін", - дейді "Третьяк" шаруа қожалығының басшысы Сергей Третьяк.

жер
Егістік. Фото: KAZ.NUR.KZ

Наурызым ауданында шегірткемен күрес шаралары маусымның 7-сінде басталған. Аумақтық инспекция мамандары үй көрместен далалықта жүрміз дейді. Шегіртке зиянкестері үйірлі және саяқ болып екіге бөлінеді. Соның ішінде үйірлі шегірткелер ауыл шаруашылығы дақылдарына аса қауіпті саналады. Заң бойынша олар тек үйірлі шегерткелерге қарсы химиялық өндеу шараларын жүргізуге тиіс. Ал "Третьяк" шаруа қожалығының егістігінде саяқ шегірткелер болған. Аса қауіпті саналмайтын зиянкестің бұлай экономикалық шығын әкелгеніне мамандардың өзі сене алмай отыр.

өскін
Зиянкес жеп тастаған өскін. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бірер күн бұрын мында келіп, көріп кеткенмін. Саяқ шегірткелерді көрдік, саны жағынан да аз болды. Аса қауіпті саналамайтын жәндіктер дәл бұлай ірі көлемде экономикалық зиян келтіреді деп ешкім күтпеді. Шынымды айтсам, өзім де таңғалып тұрмын. 450 гектар егіс алқабының 350 гектарын жеп кетіпті. Негізі аудандық деңгейде аграрлық жиналыстарда биыл саяқ шегірткелердің көп болатынын бірнеше мәрте ескертті. Диқандар мамыр айында өздері химиялық өндеу жұмыстарын жүргізіп, қам жасауы керек еді. Біз мемлекеттік бюджет есебенін италиялық прус деп аталатын үйірлі шегірткені улап жатырмыз. Егер мынадай саяқ шегірткелерге химиялық өндеу жүргізсек, пестицидтерді негізсіз жұмсады деп жауапкершілікке тартады", - дейді Науырзым ауданы аумақтық инспекциясының инспекторы Ержан Молдахметов.

Жалпы шегірткенің қай түрі қай жерде жұмыртқа салып, қай кезде қанат бітіп ұшатынын энтомологтар диқандарға уақытылы құлақтандырып отыруға тиіс. Алайда шаруа қожалықтары зиянкестердің келіп қалғанын тек егістікке ауыз салғанда бір-ақ білген. Сол кезде химиялық өндеуге құрал-саймандары әзір болмаған. Облыс орталығынан 350 километр шалғайда жатқан шаруашылық Қостанайдан қосалқы бөлшекті алдыртқанша шегірткелер қаптап кетіп, әл бермепті. Көрші қожалықтарда да осындай жағдай. Диқандар күйіп-пісіп жатқанда аймақтық инспекция сабырлық танытып отыр. Жағдайда бақылауда ұстап отырмыз, шығын шеккендер жоқ дейді.

егіс алқабы
Егіс алқабы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Егіс алқаптарын шегіртке жеп кетті деген шағым бізге түскен жоқ. Бір-екі шаруа қожалығы бар шағымданған. Алайда олардың жеріне үйірлі шегірткелер ұшып келмеген. Заң бойынша егіс алқаптарындағы саяқ зинкестерге қарсы диқандар өздері химиялық өндеу жұмыстарын жүргізуі тиіс. Ал, үйірлі шегірткеге қарсы ауданда барлық іс-шара атқарылып жатыр. Химиялық қоспа жеткілікті, 30 маман, 16 техника жұмылдырылған. Тасқыннан кейін кейбір далалық жерлерде биіктігі 7-10 сантиметр су тұрды. Енді кебе бастады, бүгінде сондағы шегіртке жұмыртқаларын улауға кірістік", - дейді Наурызым ауданы аумақтық инспекциясының басшысы Сәулеш Алдажұманова.

Ал шаруалардың шырылын күнде естіп, шағымдарын тізіп жүрген Қостанай облыстық фермерлер одағы аймақтағы шегірткемен күрес жұмысының сапасына көңілдері толмайтынын жеткізді.

"Облыста шегірткемен күрес жұмыстары жүргізіліп жатыр, мәселені шешіп жатқан сыңайлы. Алайда сапасы көңіл көншітпейді. Мамандардың қателігінен диқандар миллиондаған теңге зиян шекті. Біз бұл мәселені облыс, республика деңгейінде көтереміз", - дейді Қазақстан фермерлер қауымдастығының Қостанай облыстық филиалының атқарушы директоры Талғат Өтекеев.

Автор: Гүлнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2128644-zhaiqalgan-bidai-alqaby-qara-taqyrga-ainaldy-shegirtkeden-ziian-shekken-qostanailyq-sharua-zhanaiqaiyn-aitty-foto-video/