"Астықты таптап өтеді": диқандар егіс алқабын киіктерден қорғау үшін мемлекеттік күзет қоюды сұрайды
Жарияланған күні:
Қостанай облысының фермерлер одағы мүшелері егіс алқабын киіктерден қорғау үшін мемлекеттік күзет қоюды сұрайды. Олардың сөзінше, жануарды атуға тыйым салынғалы бері олардың саны еселеніп кетті. Ал мыңғырған ақбөкеннен астықты қорғау тетіктері бекітілмеген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қостанай облысының оңтүстігінде орналасқан Наурызым ауданы өткен жылы киіктердің шабуылынан қатты зардап шекті. Бүгінде шаруалар бірігіп киіктерді егіс алқаптарынан бірнеше шақырым жерге көлікпен қуып жүр. Алайда жануар үйреншікті жеріне, астықты алқаптарға қайтып оралады.
"Былтыр 1-1,5 млн бас киік бар деп есептеген еді. Биыл әр аналығы екі-үшеуден төлдеді. Біздің ауылдық округтің маңында 100 мың бас өріп жүр. Далалықтағы шөп сарғайып, қурап, қатая бастағанда егіс алқаптарына келіп жайылады. Бір дәмін татып алған соң шығара да алмайсың. Біз олардың егіске кіріп жайылғанынан гөрі, бірдеңеден шошып дүркірей қашқанда көп шығын шегеміз. Астықты таптап өтеді. Солай күз болғанша бірнеше рет қайталанады", - дейді Наурызым ауданы Буревестник селолық округінде орналасқан шаруа қожалығының басшысы Сергей Третьяк.
Оның осы ауылда егін шаруашылығымен айналысып жүргеніне 40 жыл болған. Кеңес үкіметі кезінде агроном қызметін атқарған. Кейін жеке шаруашылық құрып, 3000 гектардай жерге егін егеді.
"Бұл киіктер осы маңда ұжымшарлар кезінде де болды. Сол кезде түз тағысының санын реттеп отыратын. Мұның сыртында мемлекеттік күзет қойылды. Бүгінгі басшылық та киіктерді реттеудің ақылға қонымды жолдарын ойластыруы қажет. Ешкім оның бәрін қырып таста деп жатқан жоқ. Мемлекеттік қызметкерлер санын дұрыстап есептеп, мониторинг жасап, реттеу тетіктерін бекітуі керек", - дейді шаруа қожалықтың басшысы.
Диқандар бүгінде киіктер астық алқаптарын таптап жатқанда билік өкілдері бұған көз жұма қарап отыр деп өкпелі. Аудандық әкімдікте өткен жиналыста жергілікті басшылық броконьерлікке жол бермеу, киікті қорғау жолдарын айтып ескерткен. Көлікпен қуып жүріп өлтіріп алса қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал алтын астықты киіктерден қалай қорғау керек? Бұл сауалға жауап жоқ. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Сәндібеков те жөнді жауап бермеді. Бұл қызметке тағайындалғаныма екі ай ғана болды дейді.
"Бүгінде киіктер ауданның солтүстігіндегі алқаптарға келіп жатыр. Мамандардың болжамы бойынша бұл басы ғана, әлде де келеді. Әрине, егісті таптау қаупі бар. Бірақ қазіргі уақытта қатты зардап шеккені туралы шағым айтып жатқандар жоқ", - дейді Наурызым аудандық әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Сәндібеков.
Биыл сәуір айында Қостанай облысына жұмыс сапары барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ даласының символы саналатын киіктердің көбеюіне тосқауыл қоятын шешімнің күшін жоятынын мәлімдеген еді. Бұл туралы мемлекет басшысы Тобыл қаласындағы уақытша орналастыру пунктінде тасқыннан зардап шеккендермен кездескенде айтты.
Облыстық фермерлер одағы филиалының атқарушы директоры Талғат Өтекеевтің айтуынша, киіктерді қорғауымыз жөн. Алайда ғалымдар мен жауапты мамандар егіс алқаптарын киіктерден қорғау жолдарын да бекітуі керек еді деп налиды. Астанада өткен жиындарда осы мәселелер көтерілген. Бірақ нақты іс-шаралар әлі жүзеге асып жатқан жоқ.
"Ғылыми форумда "Охотзоопром "ӨБ" республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорнының инспекторлары егіс алқаптарын қорғауға көмектеседі деп шешім қабылдаған еді. Ал олар тек киіктерді қорғау шарасымен ғана айналысып жүр. Броконьерліктің алдын-алу секілді мәселелерді бақылауда ұстайды. Бірақ шаруашылықтармен бірлесіп түз тағысынан астықты қорғау жолдары жасалмай жатыр. Біз осы мәселені бірнеше мәрте көтердік. Нәтижесін күтеміз", - дейді Қостанай облыстық фермерлер одағы филалының атқарушы директоры Талғат Өтекеев.
Диқандардың айтуынша бұл жерлер тың игеру кезінде жыртылған. Мұнда сол уақытта да киіктер өріп жүрген. Тек, бұл алқаптарды киіктерден қорғау үшін мемлекеттік күзеттер қойылыпты. Шаруалардың мемлекеттік күзет қоюды сұрауының да себебі бар. Өйткені өздері көлікпен қуса, атып жатсыңдар деп күмәнмен қарайтындар көп. Сондықтан мемлекет өз бақылауына алса деген үмітте.
Автор: Гүлнұр Нұрмағамбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2130669-astyqty-taptap-otedi-diqandar-egis-alqabyn-kiikterden-qorgau-ushin-memlekettik-kuzet-ornatudy-suraidy/