"Ескі темірді жинап әкеліп қойған": Атырауда балалар әткеншектен құлаған парктің жай-күйі қалай (фото)
Жарияланған күні:
2 маусымда Атырауда ашық аспан астында орналасқан "Керемет" саябағында аттракциондардың бірі үзіліп кетіп, бір топ жасөспірім жерге құлап түскен еді. Парктегі үздіксіз жұмыс жасап тұрған экстремалды әткеншектердің жай-күйін KAZ.NUR.KZ тілшісі көріп қайтты.
Оқыс оқиға болған саябақ жұмысын тоқтатқан жоқ. Бір сәттік адреналин үшін басын қатерге тіккендердің де қарасы аз емес. Демалыс орнында халық лық толы. Істен шыққан "Форсаж" аттракционын қоршап қойған. Парк қызметкерлерінің айтуынша, оқиға болған түні әткеншектің бір болты босап кетіп, салдарынан қатты жылдамдықпен төмен түсіп келе жатқан кабина адам салмағымен бір жағына қарай тайып кеткен.
"Өзіміз оқиға орнында болдық. Төрт жасөспірім отырды. Салмағы ауырлау болды ма, болты босап кетті. Аса биіктен құламады. Ешқайсысы ауыр жарақат алған жоқ. Бірден жедел-жәрдем шақырдық. Кешелі-бүгін тексеріс жүріп жатыр",- дейді парктегі қызметкерлердің бірі.
Саябақтағы әткеншектердің көбі сыры түсіп, қызметі сыр беріп тұр. "НЛО" деп аталатын әткеншекті алдымен жылдамдық алу үшін сол жердегі қызметкер өз қолымен айналдырып, кейін токқа қосып жатты.
Атыраулықтардың біразы парктегі ескі әткеншектерге көңілі толмаса, енді бірі - бұл қаладағы жалғыз ашық аспан астындағы аттракциондар саябағы екенін алға тартып отыр.
"Қызымды паркке қыдыртуға әкеліп едім. Отыратын әткеншектің бәрі де ескі, сықырлап тұр. Тарс-тұрс еткен екі-үш аттракционға отырдық. Жағдай жасалмаған. Басқасы жоқ болғасын халық амалсыздан барады. Ескілерді қондырмай жаңасын әкелуге болады ғой, халықтан қаншама ақша түсіп жатыр", - дейді тұрғын Гүлназ Төлепова.
Тұрғындар Атырау әкімдігінің шағын "Диснейленд" салуға да шамасы жететінін айтады.
"Шымкенттің істен шыққан ескі темірін жинап әкеп отыр. Бағалары да ұшып тұр. Бір әткеншекке отыру үшін төрт балама 4000 теңге төледім. Сол бағасына да тұрмайды. Атыраудың байлығымен бір "Диснейленд" салып тастайтын уақыт болды ғой", - дейді көпбалалы ана Фатима Сайлауова.
Саябақ әкімшілігі өкілдері парк ашылғалы, яғни бес жылдан бері оқыс жайт алғаш рет болғанын алға тартады. Жарақат алған балаларға саябақ басшылығы атынан материалдық көмек көрсетіліпті.
"Жағдай болған кеште таңға дейін ауруханада ата-аналарымен бірге жүрдік. Көмегімізді көрсеттік. Олар да арыз-талаптары жоқ екенін айтты. "Форсаж" деп аталатын аттракцион Ресейдікі, барлық құжаты түгел. Қазір аттракцион уақытша істемейді, тексеріс жүріп жатыр. Жалпы карусельдер күніне екі рет тексеріледі. Таңертең 10.00-де және 18.00-де электрик пен механик бақылап шығады. Аттракциондардың бір бөлігі Шымкенттен әкелінгені рас", - дейді парк әкімшілігінің қызметкері Сабыр Нишанқұлов.
Қалалық әкімдік мамандарының айтуынша, орын алған жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылып, мамандар аттракциондарды тексерістен өткізбек.
"Әкімдікке қарасты ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімі арнайы комиссия құрды. Комиссия мәслихатқа таныстырылып, ұсыныстар алынды. Қазіргі кезде құзыретті органдардан өкіл сұрату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылған комиссия "Керемет" паркін ғана емес, қаладағы барлық саябақты тексерістен өткізеді", - деп жауап берді Атырау қаласы әкімнің баспасөз қызметі өкілі.
Еске сала кетсек, 2 маусымда Атырауда бір топ жасөсіпірім "Жеңіс" саябағының жанында орналасқан "Керемет" демалыс орнындағы аттракционнан құлап қалды. Сол маңайда орындықта отырған екі баланың үстіне темір түскен. Аттракционнан зардап шеккен бес бала облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, дәрігердің тексеруінен өткен. Төрт балаға алғашқы көмек көрсетіліп, амбулаториялық ем алуға жолданса, бір бала түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2130864-eski-temirdi-zhinap-akelip-qoigan-atyrauda-balalar-atkenshekten-qulagan-parkting-zhai-kuii-qalai-foto/