Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Арбадағы жары мен баласын серуендетіп жүрген атыраулық азамат желі қолданушыларының жүрегін елжіретті

Жарияланған күні:

Бекболат Даулекешов жары және баласымен
Бекболат Даулекешов жары және баласымен. Фото: KAZ.NUR.KZ

Туғанынан церебральды сал ауруы диагнозы қойылған атыраулық Бекболат Даулекешов пен арбаға таңылған Балауса Аймашева екі жасар ұлымен аулада жиі серуендейді. Баласы мен әйелінің арбасын қатар сүйреп жүретін ер азаматтың әрекеті желі қолданушыларын сүйсінтті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
"Интернетке шектеу, мигранттар": Мәскеудің бүгінгі келбеті қандай (фото)

36 жастағы Бекболат Даулекешов – II топ мүгедегі. Жары Балауса Аймашевамен үш жыл бұрын отау құрған. Бір жылдан кейін ұлы Абдурахим дүниеге келді. Қазір баласы екі жаста.

"Туабітті мүгедектігіміз болса да, ең бастысы біз дені сау баланы дүниге әкелдік. Бәрі Алланың қалауымен болды. Қазір ел қатарлы бақытты өмір сүріп жатырмыз. Отбасылық өмірде қиындықтар кездесіп жатады, бірақ осы жағдайымызға шүкір дейміз", - дейді Бекболат Даулекешов.

Балауса Аймашеваның айтуынша, бала босанғанға дейін өзі екі аяғымен жүріп-тұрған. Баланы дүниеге әкелген кезде жұлынына зақым келіп, аяғынан тұра алмай қалған.

"Мен де церебральды сал ауруы диагнозымен өмірге келгенмін. Бұрын ақсаңдап жүрдім. Кейін бала босанғаннан кейін арбаға отыруға тура келді. Жүктілігім өте жақсы өтті, дәрігердің айтуымен барлық дәруменді ішіп жүрдім, дәрігердің қабылдауынан қалмай барып жүрдім. Өйткені қатты қорқыныш болды. Алланың қалауымен дүниеге сау бала келді", - дейді Балауса.

Айтуынша, Бекболат екеуіне екі жақтың да ата-анасы, бауырлары қарасып тұрады, көмегін аямайды екен.

"Болашақ жарым сөз салған кезде анама айттым. Ол кісі батасын бірден бермеді. Өйткені қорқыныш болды. Мүгедектігі бар екі жанның қосылуы оңай емес. Болашақ енеммен де алдын ала таныстым, ол кісі бірден мені ұнатып, қабылдайтынын айтты. Осылай бір шаңырақ болып кеттік. Екі жыл енеммен бірге тұрдым. Баламды да қарап, көмегін аямады", - дейді Балауса.

атыраулық отбасы
Атыраулық отбасы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Отбасы әкімдіктен алған бір бөлмелі үйде тұрады. Екінші қабатта орналасқан пәтерден түсіп-міну қиын болса да, кешкілік таза ауада серуендеуді әдетке айналдырған.

"Біз де өзгелер сияқты қызықты өмір сүргіміз келеді, саябаққа жиі шығып тұрамыз. Одан қалса, мүмкіндігіміз болса көрші қалаларға да шығамыз. Отбасылық тағдырлас достарымыздың қуаныштарына да жиналамыз. Дүкенге шығатынымыз бар. Барлық ауыртпалық жұбайыма түседі, бірақ ол мойымайды, керісінше бізді қолдайды", - дейді келіншек.

Мүгедектігі бар жандар үйден емханаға, дүкенге дейінгі баратын жолда адам жүретін тротуар жоқ деп налыды. Күн сайын көліктермен жағаласып жүріп, басымызды қауіпке тігіп жүрміз дейді.

"Біз тұратын Таумұш Жұмағалиев көшесінде көлік жүретін асфальт қана бар. Жақында салды. Жанында жаяу адамдарға жол жоқ, тротуар қарастырылмаған. Жолдың жиегімен қорқынышпен өтеміз, көліктер жылдамдықты асырып, жүйткиді. Бар салмақ екі арбаны сүйрейтін жолдасыма түседі. Біз үкіметтен көп ештеңе сұрамаймыз. Бірақ қауіпсіздігіміз үшін осындай титтей нәрсені қолға алса деген тілегіміз бар", - дейді Балауса Аймашева.

Бұл отбасыны атыраулық блогерлер әлеуметтің желіге салып, сыртынан сүйсініп, жиі жариялап тұрады.

"Осы отбасына бас идім. Үнемі көреміз. Бақытты болсын", "Мына жолмен дені сау адамдар жүре алмайды, бұл кісілер қалай жүр екен" - деп пікір қалдырған желі қолданушылары.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2131044-arbadagy-zhary-men-balasyn-seruendetip-zhurgen-atyraulyq-azamat-zheli-qoldanushylarynyng-zhuregin-elzhiretti/