"Қателестім": алты жыл Сирияда, төрт жыл түрмеде болған ақтөбелік келіншек басынан кешкенін айтып берді
Жарияланған күні:
Ақтөбелік Ақмарал Алмағамбетова 26 жасында үш баласын тастап, Сирияға кетті. 32 жасында "Жусан" операциясымен елге оралды. Кейін терроризмді насихаттағаны үшін абақтыға тоғытылды. Бүгінде бостандыққа шығып, жаңа өмірге бейімделіп жүр. Келіншек енді патронаттық отбасының қамқорлығындағы балаларын өзі тәрбиелей алады. Ақтөбелік келіншек өкініші мен болашақтан күтетін үміті туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат берді.
Ақмарал Алмағамбетова – 2019 жылы "Жусан" операциясымен елге жеткізілгендердің бірі. Сириядан кішкентай екі баласын жетектеп келген келіншек терроризмді насихаттады деп айыпталды. 2019 жылы Ақтөбе қалалық соты терроризмді насихаттап, діни алауыздық туғызғаны үшін оны бес жылға бас бостандығынан айырды. 2023 жылдың күзінде бостандыққа шыққан ол жұмысқа орналасып, бүгінде өмірін қалыпқа келтірген.
"26 жасымда Сирияға бардым. Ол кезде Ақтөбеде отбасым болды. 17 жасымда тұрмысқа шығып, бірінші күйеуіммен тоғыз жылдан аса уақыт бірге тұрдым. Онымен ортақ үш балам бар. Ажырасып, кетіп қалдым. Сирияда алты жыл тұрыппын. Ол жаққа басқа арманмен кеттік… Ол кездерді қазір есіме түсіргім келмейді. Барғанда соғыс болып жатты. Күнде жарылыс болады. Оқтың астында жүрдік. Барған кезде бізге жақсы қарады. Кейін мигранттарды қорлап, зорлай бастады. Шектен шығып, білгенін істеді. Балалармен қаладан-қалаға қаштық. Қиналдық. Әділетсіздікті көргеннен кейін мен "қай жерге келдім" деп өкінетінмін. Қайтудың жолын іздедім. Күрдтер арқылы басқа лагерьге өттік. Сол жерде ғана тамақ іштік. Ол жақта 50 градусқа дейін ыстық. Қара судың өзі қат. Балаларда инфекция, кезектесіп ауырды. Қазақстанға алып кетуді сұрап, өтінішпен шықтық. Екі айдан кейін жауап алдық. Бізді біреу іздеп, елге жол ашылады деген үміт аз болды. Бірақ Қазақстан ол жақтағы азаматтарына уақытша паспорт беріп, бес айдың ішінде елге әкелді", - деді Ақмарал Алмағамбетова.
Келіншектің бес баласы бар. Балаларының үлкені 20-да, одан кейінгісі 16 жаста. Ересек балаларымен кездесіп тұрады екен. Ал бір жарым жасында тастап кеткен үшінші баласымен кездеспеген. Жүрегін жаралап аламын деп қорқады. Қазір үш баласы бұрынғы күйеуінің тәрбиесінде. Қазақстанға Сирияда туған 4 және 2 жастағы кішкентай балаларымен келді. Бас бостандығынан айырылғанда жетімдер үйіне жіберілген екі баласы патронаттық отбасында тәрбиеленді.
"Қателік жасадым. Білемін. Ол үшін бес жыл жазаға кесіліп, Петропавлдағы абақтыда төрт жыл, төрт ай отырдым. Қазір қарасам, ол уақыт та тез өткен екен. Басында түрмеде кинодағыдай қараңғы бөлмеге қамап, мені ұрады деп ойладым. Түзетуге, бейімдеуге арналған лагерь сияқты жер екен. Теологтар жиі келіп тұрды. Түрмеде қиын болды деп айта алмаймын. Себебі мен Сирияда өлім мен өмір арасындағы жанталасты көрдім. Оларды енді айтқым келмейді… Бостандыққа шыққанда маған қиын болды. Адамдарға жақындай алмаймын. Қарауға қорқатынмын. Туыстарым да жатырқай қарады. Теологтар бейімдеді. Мемлекеттің өз азаматына деген қамқорлығын сезіндім. Жұмысқа дейін тауып берді. Жастарға өмірімді бүкпесіз айтып жүрмін. Қазір туыстарыммен қатынасым жақсарды", - дейді ол.
Ақмарал Сириядан оралғаннан кейін діни ғұрыппен киінбейді. Болашақта өмірі туралы кітап жазуды армандайды.
"Абақтыда отырғанда мені ата-ана құқынан айыру туралы мәселе болды. Түзелетінімді, дұрысталатынымды көрсеттім. Қателіктерді қайталамау керегін түсіндім. Қазір балаларыма қатысты сот шешімі шықты. Мен патронаттық отбасындағы балаларыммен қауыша аламын. Енді бірге тұрамыз. Балаларыммен бейбіт елде бақытты өмір сүру менің арманым еді. Бұл қол жеткен арманымның бірі. Жаңа өмір бастағым келеді. Мен соған келе жатырмын. Сириядағы күндерім жайлы кітап жазу ойымда жүр. Не көргенімді қағазға түсіргім келеді. Бастадым", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2132199-qatelestim-alty-zhyl-siriiada-tort-zhyl-turmede-bolgan-aqtobelik-kelinshek-basynan-keshkenin-aityp-berdi/