Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көктемде аты суға кеткен үш жасар ақтөбелік бүлдіршінге мәжіліс депутаты уәде еткен тұлпарын табыстады

Жарияланған күні:

Нұржебе бәйге аты
Үш жасар Бейбарыс "Нұржебе" тұлпарымен. Фото: отбасы мұрағатынан

Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев көктемдегі су тасқынында аты суға кеткен ақтөбелік үш жасар Бейбарыс есімді балақайға атаған тұлпарын әкеліп берді. Жаңа үйге қоныстанған отбасына бәйге атын депутаттың өзі табыстаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Екпетал ауылында көктемгі су тасқыны кезінде бәйгеге шабатын атынан айрылған үш жасар Бейбарыс сәйгүлік мінді. Су тасқыны кезінде бәйге аты ағып кеткен отбасының қуанышында шек жоқ.

"Бәйге атын алдық. Қазыбек ағаның өзі әкеліп берді. "Нұржебе" ұлыма қатты ұнады. Қуанып мәз болды. Өскен соң Нұржебеге мініп бәйгеден бірінші орын аламын деп отыр", - деді бүлдіршіннің анасы Гауһар.

Осыған дейін бүлдіршіннің әкесі сұқбат беріп, тасқын кезінде Ханторы есімді сәйгүлігін құтқара алмағанын айтып берген еді. Кейін Ақтөбе облысының аудандарын аралаған мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев балақайға "Нұржебе" атты бәйге атын сыйлайтынын айтты.

Депутат Қазыбек Әлішевке баланың атқа деген жанашырлығы қатты әсер еткен.

"Бүлдіршіннің атынан айрылған кездегі видеосы жүрегіме ауыр тиді. Өзімнің жүлделі боп жүрген алты тұлпарымның бірін сыйға тарттым. Жақында ғана отбасы үйін алған екен. Атымды апарып бердім. Төрт жасар баланың "Әке, Ханторыны құтқаршы" деген сөзі маған ерекше әсер етті. Қазақ деп соққан жүректі сездім. Себебі қазақ үшін жүйрік аттың орны бөлек. Ол баланың болашақта аттан түспейтін азамат болатынына сенімдімін. Алар бәйгесі әлі алда. Баланың көңіліне медеу болғым келді. Иығымнан ауыр жүк түскендей болды. Ол ат осыған дейін үш рет бәйгеде бірінші келді. Нұржебе таза ағылшын аты. Ол биыл күзгі немесе келесі жылғы бәйгеге қатысуға дайын. Біздің бапкер әкесімен байланысып отыр. Себебі ол отбасы бұрын ондай таза ағылшын атты дайындамаған. Әкесіне қандай дәрі беру керегін айтып, қалай баптауды үйретіп жатырмыз. Баланың шабандоз болып ат құлағында ойнағанын көрудің өзі бір бақыт", - деді депутат Қазыбек Әлішев.

Қазыбек Әлішев
Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев. Фото: KAZ.NUR.KZ

Депутат елімізге ұлттық спортың дамуына серпін беретін заң жобасының қажет екенін айтты.

"Жақында мәжілісте мақұлданған заң бар. Отандық селекциядағы асыл тұқымды мініс және мініс-жегін бағытындағы жылқыларды сақтау және өсімін молайту бойынша мемлекеттік қолдау туралы заңға президент қол қойды. Бұл заң еліміздегі бәйге, көкпар спортына келетін жылқыларды қолдау үшін маңызды. Елімізде арнайы ұлттық спорт туралы заң жоқ. Аманжол Әлтаев, Айдарбек Қожаназаров секілді әріптестеріммен Аграрлық мәселелер комитетінің мүшелелері болып бастамашы болғымыз келеді. Себебі ұлттық спорт түрлері ұлттық құндылығымызды дәріптейтін бірден бір құрал. Бізде ипподромдардың өзі мәселе боп тұр. Кей облыстарда, мәселен Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында заманауи ипподром жоқ. Еуропалық талаптарға сай ипподром болуы керек. Біз басқа спорт түрлеріне миллиардтаған қаржы жұмсаймыз. Бірақ нағыз қазаққа, ұлтымызға жақын бұл спорт түріне қолдау аз. Соны қолға алуымыз керек. Бұл жерде шабандоз мәселесі, тағашылар, ат бапкерлері, оларды оқыту, даяулау сұрақтары бар. Мұның бәріне көңіл бөлуіміз керек. Алматы қаласындағы аграрлық университет жанынан ат спортының ветеринариясын дайындау мақсатында бір бөлімше ашылды. Биылдан бастап оқытып жатыр. Бәйге десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Ауыл шаруашылық саласы үшін де маңызы зор сала", - деді депутат.

Айтуынша, ат баптаумен айналысатындар қарапайым әбзелдің өзін қиындықпен табады.

"Өзімнің ат спортымен айналысқаныма он шақты жыл болды. Қиындықтармен бетпе-бет келіп жүрміз. Бізде атты емдейтін ветеринарлық клиника жоқ. Маман жоқ. Бұл ең басты мәселе. Біздің бапкерлер өздері сол ертеден атадан балаға қалған әдіспен ем жасап, атқа көмектеседі. Заман дамып жатыр. Аттардың түрлі ауруы бар. Кесел болады, мертігеді. Осындайда ем жасайтын маман жоқ. Тағалау өнері де маманға қат. Сондықтан ат спортын дамыту бізде әлі де көлеңкеде. Оны заңдастыру арқылы қордаланған мәселе шешіледі. Ат әбзелдерін дайындайтын арнайы ұсталарымыз жоқ. Тек Алматы қаласында ғана бірең-сараң адам бар. Орта кәсіптік білім беру саласында ұсталар дайындау сұрағы да өзекті боп отыр. Кәсіптік білім беру саласында ер-тұрман, жүген, ноқта, түрлі ат әбзелін әзірлейтін маман керек. Еліміздің бюджеттік кодексі мәжілісте қаралып жатыр. Кодекстің арнайы шығыс бөлігіне облыстық бюджет, жергілікті бюджет, республикалық бюджеттен ұлттық спорт түрлері бойынша мемлекеттік қолдау, қаражат сұрағын шешуді ұсындық. Қазір үкіметтің қарауында",- деді Қазыбек Әлішев.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2136099-koktemde-aty-suga-ketken-ush-zhasar-aqtobelik-buldirshinge-mazhilis-deputaty-uade-etken-tulparyn-tabystady/