Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда 112 күн қараңғыда отырған екі ауылға электр жарығы берілді (видео)

Жарияланған күні:

Амангелді ауылы
Ауылға баған орнатып жатқан техника. Фото: Амангелді ауданының әкімдігі

Қостанай облысында су тасқынынан кейін төрт айға жуық электр қуатынсыз отырған екі ауылға жарық берілді. Қоғалыкөл және Әбусыздық ауылдары тұрғындарының қуанышында шек жоқ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қостанай облысы Амангелді ауданындағы бұл елді мекендерде жарық 27 наурызда өшкен. Содан бері тұрғындар әкімдіктің есігін жағалап, табалдырығын тоздырғанымен еш нәтиже шығара алмаған.

Тұрғындар бірнеше күн бұрын жанайқайын портал тілшісіне бейнеүндеу арқылы жолдаған еді. KAZ.NUR.KZ сайтында мақала жарияланғаннан кейін жауапты мекеме құлаған бағандардың орынына жаңасын орнату мен электр желілерін тарту жұмыстарын жеделдетіп, екі күннің ішінде аяқтаған.

"Аманкелді ауданы Қоғалыкөл және Әбусыздық ауылдарында төрт айдан бері электр жарығын көре алмай отырған адамдармыз. 18 шілдеде сағат түнгі 10:40 кезінде электр жарығын беріп үлкен қуанышқа кенелдік. Міне, біздің осы қуанышқа жетуімізге жетелеген, әрі үлкен көмек жасаған KAZ.NUR.KZ сайтына және журналистеріне ауыл адамдары атынан айтар алғысымыз көп. Алла тағала осы еңбектеріңді қашанда жемісті қылып, елдің, халықтың шын ықыласына бөлене берулеріңізге тілектеспіз! Осы тілегімізді Алла қабыл етсін. Отбасы бала-шағаларыңыздың қызығын көріп, қашан да еңбектеріңіз жемісті болсын. Рақмет сіздерге!", - деді Айтуар Ташпанов бастаған ауыл тұрғындары.

Жалпы Амангелді ауданында су тасқыны кезінде 200-ден астам баған бүлінген. Соның 190-ға жуығы қайта іске қосылды. Аудандағы 32 мекеннің 16-сында жарық өшіп қалды. 14 ауыл электр жүйесіне 1-2 айдың ішінде қосылса, ал Қоғалыкөл және Әбусыздық ауылдары төрт айға жуық күтті. Жауаптылар жұмыстың кешеуілдеуін судың кетпеуі мен жердің кеппеуінен көреді. Алайда ауыл тұрғындарының айтуынша, жер маусым айында құрғаған. Бірақ электр жарығын жөндеушілер 10-15 бағанды орнатуға асықпапты.

Еске салсақ, аудан әкімі Талғат Карбозов бұған дейін жарықты екі күнде береміз деп уәде еткен.

Автор: Гүлнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2137266-qazaqstanda-112-kun-qaranggyda-otyrgan-eki-auylga-elektr-zharygy-berildi-video/