Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жазғы демалысында кафеде еден жуатын ақтөбелік мұғалім қара жұмыстан неге арланбайтынын айтты

Жарияланған күні:

Дина Балғазиева
Дина Балғазиева. Фото: жеке мұрағатынан

Ақтөбелік ұстаз Дина Балғазиева жаз мезгілінде қаладағы кафелердің бірінде жұмыс істеп жүр. 35 жылдық тәжірибесі бар ұстаз түнгі аусымда еден жуады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Дина Балғазиева Ақтөбе қаласындағы №13 мектеп мұғалімі. География және биология пәнінен сабақ береді. Жазғы маусымда жұмысқа шыққан ұстаз дәмханаға келген әр адамға жылышырай танытып амандасып, ерекше ілтипат білдіреді.

"Кафеге бірінші рет еден жууға кіргенімде сәл арланып жүрдім. Ұят сияқты көрінгені рас. Оқушыларымды көріп қалғанда қынжылып, қысылатынмын. Кейін өзіме сұрақ қойдым: "Мен неге қысыламын, адал еңбекпен жұмыс істеп, табыс тауып жүрмін" деп өзімді жігерлендіріп алдым. Төрт қабырғада қамалып отырғаннан не пайда, диванда қашанғы теледидар қарап жата бересің. "Апай еден жуып жүр" деп таңғалудың қажеті жоқ. Кез-келген адам еден жуа алады. Қалада қиын ғой. Бәрі қымбат",- деді ол түнгі кезектегі жұмысты биылдан бастағанын айтып.

Ұстаз бұл жерден оқушыларын да жиі көретінін жасырмады.

Дина Балғазиева
Дина Балғазиева. Фото: жеке мұрағатынан

"Оқушыларым "Апай, қалайсыз, жұмысыңыз қалай?", - деп жылы жүзбен амандасып, қоштасып кетеді. Қазіргі балалардың көзі ашық. Ақымақ сұрақ қоймайды, сені сынамайды. Басында оқушыларым көрсе не істеймін деп қорқатынмын. Ойланып қарасам, балалар ақылды. Апай жүр деп қорқынышты көзбен қарамайды. Балалар пәк қой "апай" деп жүгіріп келеді. Қандай жұмыс болса да адал жасалған еңбектің бағасы жоғары деп ойлаймын. Биыл 60 жасқа келемін. Келесі жылы зейнетке шығамын. Адал еңбекті қай жерде де көрсетуге болады", - деді Дина Балғазиева.

Тәжірибелі ұстаз еңбек жолын 1989 жылы Мұғалжар ауданына қарасты Шевченко ауылындағы мектепте бастаған. Сол ауылда тұрмысқа шығып, үш баланы өмірге әкелген.

"Мен бала күтімімен жылдап үйде отырған адам емеспін. Үш-төрт ай отырып, қырқынан шығарған соң жұмысқа шығып кететінмін. Барлық баламды ата-енем бақты, солар көмектесті. Ашық сабақ болатын кездері қайын атам көрнекілік құралдарымды дайындап беретін. Әлі күнге ата-енеме алғыс айтамын. Сол кісілер балаларыма тәтті шайын, тамағын беріп баққанының арқасында алаңсыз жұмыс істедім. Кейін балам ауырып, 2007 жылы қалаға көшіп келдім. Сол кезден бастап қаладағы № 13 мектепке география, биология пәнінің мұғалімі болып орналастым. Жолдасым жанармай құю бекетінде жұмыс істейді. Екі ұлым да үйленді. Үлкен ұлым жүк көлігін айдайды. Кішісі жақында полицияға жұмысқа кірді. Қызым да тұрмыста, оншақты немерем бар", - деді ол.

Ұстаздық жолында шәкірттері ғылыми жобаларға қатысып, олимпиадалардан жүлделі орын иеленіп, халықаралық байқауларға жолдама алған. Тәжірибелі ұстаздың өзі де қала, облыс әкімдерінен алғыс хат, марапаттар мен "Құрмет грамотасын" алған.

2009 жылы "Ақтөбе облысының ең үздік мұғалімі" атанып, облыс әкімінің грантын иеленді.

"Алғыс хаттарымды ақтарып қобалжып отырмын. Елдің бағасы болар. Халықтың балаларына дұрыс тәрбие, білім беріп, елге қызмет ететін азамат, азаматшалардың өсуіне күш жігерімізді салып жүрміз. Ұстаз өз шәкірті үшін қайталанбас айна. Біздің әрбір сөзіміз, жүрісіміз, сабағымыз, сабақ кезінде өзімізді ұстаудың өзі балаларға тәрбие. Олар көріп отырады. Әр әрекет әсер етеді. Бәрі көз алдында қалады. Сондықтан осы тұстарға аса мән беремін. Өзіңмен 40 жасқа дейін мақтанасың, балаңмен өмір бойы мақтанасың деген бар. Қазір ата-аналар балаларымен көп жұмыс істейді. Қосымша сабақтарға, түрлі үйірмелерге апарады. Оның өзі балаларға көп пайдасын тигізеді. Соның арқасында балалар уақытты пайдалануды үйренеді. Бұл жақсы. Балалардың жан-жақты болуы, айналаны көруі олардың сыни ойлауын қалыптастырады. Телефон ұстады деп балаларға ренжуге болмайды. Заманауи технология. Одан баланы шектеу мүмкін емес. Балалар сол телефон арқылы шығармашылықпен айналысып, түрлі жұмыстар жасап жүр. Ғылыми білімнің көбін сол жаңа технологиялар арқылы алып жүр. Өзім білім беру, бала тәрбиесін қатты жақсы көремін", - деді мұғалім.

Дина Балғазиева елімізде мұғалімнің еңбегі адал бағаланатынын жоққа шығармайды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2137275-zhazgy-demalysynda-kafede-eden-zhuatyn-aqtobelik-mugalim-qara-zhumystan-nege-arlanbaitynyn-aitty/