Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әлдекімге ай сайын 500 мың теңге беріп отырған": Атырауда заңсыз қойылған дүңгіршектер сүрілді

Жарияланған күні:

дүңгіршек
Дүңгіршек. Фото: KAZ.NUR.KZ

Атырауда құзырлы орган қызметкерлері қаланың әр бөлігінде орналасқан сауда нүктелеріне рейд ұйымдастырып, заңсыз сауда жасап тұрған дүңгішектерді сүріп тастады. Бір күнде тиісті талапты сақтамаған жеті сауда орны бұзылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Береке ықшамауданында жеміс-жидек, көкөніс сататын дүңгіршек иесінің айтуынша, осы орында саудасын жүргізіп отырғаны үшін әкімдік қызметкеріне айына 500 мың теңге төлеп отырған. Алайда тексеріс кезінде тиісті құжаттары жоқ болып шықты. Дүңгіршек те заңсыз қойылған. Саудагерге ескерту жасалып, арнайы техника шақырылып, сол сәтте дүңгіршекті сүріп тастады.

"Кімге 500 мың теңге беріп отырғаны, кіммен келісімшарт жасағаны белгісіз, оны анықтаймыз. Қала әкімінің тапсырмасымен жемқорлықты жою үшін осындай рейд ұйымдастырылып отыр. Қала аумағында заңсыз орналасқан барлық сауда орынын тексереміз", - дейді Атырау облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрайнаш Камалова.

Нұрсая ықшамауданы Болашақ нүктесіндегі үш бірдей дүңгіршектен мамандар заң бұзушылық анықтады. Екеуі көше бойына заңсыз сауда нүктесін ашса, бірінде сауда-саттықпен шетелдік азамат айналысыады.

"Сырттан әкелінген жеміс-жидектерді сатумен айналысатын бұл сауда орнының иесі қалалық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінен "өз өнімімді сатамын" деп рұқсат алып, бірақ өзге ұлт өкіліне жалға бергендігін анықтадық. Бұл кәсіпкер арадағы келісімшартты өрескел бұзып отыр. Кәсіпкерге ескерту берілді, жағдай келесіде қайталанатын болса келісімшарт бұзылады", - дейді комиссия мүшелері.

дүңгіршек
Дүңгіршек. Фото: KAZ.NUR.KZ

Саудасы қызып тұрған кондитерлік өнімдер сататын және тез тағам дайындайтын бизнес-дүңгіршектерді сол бойда арнайы тұраққа алып кетті.

"Арнайы комиссия қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі, қалалық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімі, қалалық салық, санитарлық-эпидимиологиялық бақылау басқармасы қызметкерлері және қалалық мәслихат депутаттарынан құрылды. Қазіргі уақытта 7 дүңгіршек алынып, айыптұрағына жеткізілді. 4 сауда дүңгіршегінің сату нүктесі өзгертілді. Белгіленбеген орындардағы сауда бойынша 28 хаттама толтырылды", - деп жауап берді Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметі өкілдері.

Әлеуметтік желіде халықтың бұған қатысты пікірі екіге бөлінген. Бірі көше көркін бұзып тұрған заңсыз сауданы жою керек десе, енді бірі нәпақасын тауып отырған "кәсіпкерлерді керісінші қолдау қажет" деп әкімдіктің бастамасын сынап жатыр.

"Одан да лотоклуб, казиноны жапсын", "Халық күн көріп отырған тірлігі ғой", "Жеп отырған нанынан айырып не болды сонша", "Кәсіпкерлерді қолдаймыз, бизнес ашыңдар деп шақырады. Кейін заңсыз деп шығады. Саудадан босап қалған халық қайда барып күн көреді? Жұмыс тауып берсін оларға" - деп жазған атыраулықтар.

Мамандар рейд апта сайын жалғасатынын айтады. Заңсыз немесе көлік тұрағының орнына қойылған барлық сауда нүктелері жойылатынын ескертуде.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2138571-aldekimge-ai-saiyn-500-myng-tengge-berip-otyrgan-atyrauda-zangsyz-qoiylgan-dunggirshekter-surildi/