"Тездетіп шешіп берсін": әкімдікке барудан шаршаған Атырау маңындағы елді мекен тұрғындары жанайқайын айтты
Жарияланған күні:
Атыраудағы Мирас ықшам ауданының тұрғындары үшін өмір сүруге қажетті жағдай жасалмаған. Мәселеміз жылдап шешілмей келеді, билік назарынан тыс қалдық, дейді жергілікті халық. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Жаңбыр жауса қала маңында орналасқан Мирас тұрғындары үшін нағыз мұң. Жаңбырдың суы кәріз суымен араласып аула мен үйлер суға кетеді. Су өздігінен жерге сіңбейді, әркім үйінің суын сорғызғаннан пайда жоқ дейді халық. Өйткені кәріз жүйесі бұл мөлтек ауданда мүлдем салынбаған. Тұрғындар мәселесін айтып бармаған жері, баспаған тауы қалмаған.
"Үш жылдан бері әкімдікке жазып жатырмыз. Ешқандай қозғалыс жоқ. Мәселеміз шаш етектен. Жаңбыр жауса, үйіміз суға кетеді, кейбіреудің ауласына су толады. Кәріз жүйесінен бөлек жаяу жүргіншілерге арналған жол жоқ, автобус мәселесі шешілмей келеді, балалар ойнайтын алаң ойға салынған, сол себепті айлап судың ішінде тұрады", - дейді жергілікті тұрғын Сейітқали Тойлыбай.
Мирас ықшам ауданында 1000-нан астам үй бар. Бір ай бұрын қала әкімі Шәкір Кейкин елді мекен тұрғындарымен жиналыс өткізген. Жиында халық мәселелерін жеткізіп, шешіп беруін сұраған. Алайда ешқандай ілгерілеу жоқ, мәселеміз сол күйі қалды дейді халық.
"Қала әкімін, бөлім басшыларын өзіміздің тұрғындардың чатына қостық. Мәселеміз бір айдан бері шешімін таппағасын жиналысымызға облыс әкімінің қатысуын сұрадық. Залға халықты жинап күттік, бірақ әкімдіктен ешкім келмеді. Кейін әкімдіктегілер ондай жиналыс ұйымдастырудың өзіндік талабы бар екенін айтты. Ал біздің бір ғана талабымыз бар - жағдайымызды көріп, әкімдіктегілер мәселемізді тездетіп шешіп берсін", - дейді тұрғын.
Сондай-ақ тұрғындар балалар мектепке жеткенше балшық кешуге тура келетінін айтады. Өйткені кей көшелерде тротуар салынбаған. Орталыққа жұмысқа қатынайтындар үшін де жағдай жасалмапты. Бір бағытпен жүретін жалғыз маршрут саны жеткіліксіз, таңертең автобусқа сымай қаламыз дейді тұрғындар.
Мирас ықшам ауданының мәселесімен әкімдіктегілер жақсы таныс. Барлық сұрақ кезең- кезеңімен шешілетінін айтады.
Мирас елді мекенінің тұрғындарының мәселесін қала әкімі тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Қазіргі кезде кәріз жүйесін салу бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалып, мемелекеттік сараптамадан өтуде. Бұдан бөлек басқа мәселелерді қала әкімі күрделігіне байланысты ретімен шешілетінін жеткізді", - деп жауап берді Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметі өкілі.
Қолдан келгеннің бәрін жасадық деген Мирас ықшам ауданының тұрғындарының әзірге күтуден басқа амалы жоқ.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2141797-tezdetip-sheship-bersin-akimdikke-barudan-sharshagan-atyrau-mangyndagy-eldi-meken-turgyndary-zhanaiqaiyn-aitty/